Биыл маусымда Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының үкіміне сай "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке 950 мың теңге көлемінде айппұл төлеуге міндеттелген оппозиция белсендісі Жанболат Мамай сот міндеттеген ақшаны халықтан "Байбекке садақа" деген акция арқылы жинайтынын мәлімдеді.
"Біз Байбекке садақ жинайық деп отырмыз. Алматының көшелерінде жинаймыз, әлеуметтік желілер арқылы жинаймыз. Осы қаражатты Байбекке жинап беруді дұрыс деп санап отырмыз. Өйткені Байбек - халықты сорып келе жатқан шенеунік. Бұрын оның ұрлап жүргені жасырын болды. Яғни, құпия түрде, жабық түрде ұрлап жатты. Ешкімге көрсетпей. Енді біз халықты қалай тонап жатқандығын садақа жинау арқылы бүкіл әлемге паш еткіміз келіп отыр" деді Жанболат Маймай сейсенбі күні әлеуметтік желіге жариялаған видеосында.
Маусымда шыққан сот шешіміне сай, Мамай мен әйелі Инга Иманбай Байбек жайлы фильмді интернеттен өшіріп, ондағы деректі жоққа шығаруға міндеттелген. Бірақ Жанболат Мамай әлеуметтік желіге жарияланған видео өшірілмейтінін және оны теріске шығармайтынын мәлімдеді.
Байбек пен Мамай арасындағы даудың туындауына сәуір айында шыққан фильм-зерттеу түрткі болған. Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған. Ал Байбек "Мамайдың айтқандары дәлелсіз" деп сотқа шағымданған.