Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 7,7 мыңға артып, жалпы есебі 782 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқыны бәсеңдемей тұр. Тамыз айының өзінде сырқаттанған 141 мыңға тарта адам анықталды және 2334 адам көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 18 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7337 адам, ал 17-сі күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 421 адам тіркелді және дүйсенбіде 139 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 121 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 115 мың, КВИ- бойынша 5 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мың кейс шамасындағы динамикада тұрған Алматы (1570) қаласы және Қарағанды (977) облысы. Бұдан өзге астана (824), Атырауда (450), Алматы (423) өңірлерінде эпидахуал тіпті нашарлай түскен. Шымкент (418), Ақтөбе (401), Павлодар (388), Ақмола (286), Қостанай (264), Қызылорда (232), ШҚО (227), Жамбыл (221), Маңғыстау (216), БҚО (168), СҚО (166), Түркістан (106) облыстарында дерт қаупі әлі сейіле қоймады. Осы сәрсенбіде аурудан айыққан 6666 адам үйіне шығарылған. 17 тамызда жиыны 121 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Тамыздың 17-сі ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 421 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сейсенбі күні сырқаттар Шымкент (71), Жамбыл (67), Алматы облысы (54), Маңғыстау (34), Атырау (31) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 153 адам айығып шыққан, тағы 18 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 12 мыңнан аса науқастың 30 мыңы ауруханада, 91 мыңға жуығы амбулаторлық бақылауда. 1896 науқастың жағдайы нашар, ондағы 540 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 265 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 715 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 66 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 782,5 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 14,7 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 7988, КВИ- / U07.2 – 4129, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 4,8 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,2 млн-нан асады.