Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың қызметінен кету-кетпеуі әлі белгісіз. Бұл туралы 5 тамыз кешке Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барасында айтылды.

Тілші: Қазақстан боксшылары өз тарихында алғаш рет олимпиададан алтын медаль ала алмады. Осыны ескеріп, бас бапкерліктен өз еркіңізбен кету ойыңызда бар ма?

Ғалымбек Кенжебаев: Енді... ондай ой әрине... Жаңа Серік Сәпиев айтты, мен... ондай ой әрине бар. Енді оның барлығын.. қазір басшылар жиналады. Солардың бәрін тыңдап... енді... солар шешімге келеді

Тілші: Басшылық сізді бас жаттықтырушы ретінде қалдыру жайлы шешім шығарса, соған келісесіз бе?

Ғалымбек Кенжебаев: Енді оны басшылар шешеді. Бірақ мен ондай сұраққа сізге...

(Отставка жайлы қойылған сұрақтың уақыты 33:45)

Кенжебаев отставкасы жайлы сұрақ қойылғанда кібіртіктеп, нақты жауап берген жоқ. Сол сәтте брифинг модераторы да журналистің өзі қойған сұрағына дұрыстап жауап алуына мұрсат бермей, сөзін бөліп тастады.

Жазғы олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері жеке ел ретінде қатысып келе жатқан Қазақстан бокстан кем дегенде бір алтын алатын. Бірақ Токиода Қазақстан боксшылары екі қола жүлде ғана еншіледі. Бұл Кенжебаев жаттықтырған құраманың алғашқы антирекорды емес.  Биыл мамырда Дубайда өткен Азия чемпионатында Қазақстан боксшылары 2002  жылдан бері есептегенде алғаш рет алтын медаль ала алмай қалған болатын.

Ғалымбек Кенжебаев – 2018 жылдың желтоқсанынан бері бокстан ерлер құрамасының бас бапкері. Оның жаттықтыруымен Қазақстан боксшылары төрт ірі жарысқа қатысы. 2019 жылы Азия чемпионатында Кенжебаевтың шәкірттері 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде еншілеп, командалық есепте басты қарсыласы Өзбекстаннан қалып қойды. Ал сол жылы өткен әлем біріншілігінде Қазақстан боксшылары 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль олжалап, командалық есепте Өзбекстан мен Ресейден қалып, үшінші орын иеленді. Биыл мамырда өткен Азия чемпионатында 5 күміс, 1 қола медаль алған Қазақстан құрамасы жалпы есепте небары төртінші орынға тұрақтады. Токиода өтіп жатқан олимпиадада екі қоламен ғана шектелген Қазақстан әзірге 10-орында тұр.

"The Qazaq Times"