Редакциямызға тарих ғылымдарының докторы Есенғазы Қуандықтан Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев туралы жазған "Қисық көшемен" түзу жүрген азамат туралы естелік" атты мақала келіп түсті. Автордың өтінішімен мақаланы еш өзгеріссіз сайт оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
Әңгіме арқауы болғалы отырған азамат, ол ісімен кешегі «Алаш ардақтыларының» сарқыты екендігін өмірде дәлелдеген, ұлтына, отанына адал қызмет еткен мемлекетшіл тұлға!
Алатаудың асқар шыңындағы ақша бұлтпен шағылысып жатқан ақ қардай, ақкүмістей ақ бұйра шашы, ұлтына деген адалдығының символындай көрініп, осы азаматтың тек бір өзінің жаратылысына ғана тән құбылыс екендігін айқындап тұрғандай.
Еңсесі әр уақытта биік тұратын, үнемі «жақсылыққа ат байлап, жамандықты қақпайлап жүретін», ақиқаттан аттамаған, «қисық көшемен жүрсе де түзу жүретін» Төлеген Тілекұлы Жүкеевті танитын көпшілік жұрт қадірлеп, өзгелерге үлгі тұтады. Көре алмайтындар оны «серый кординал» деп мұқатбақ болады. Ал осы айтқан өзге тілдегі екі сөзді өздері мәнін түсінбесе де, беталбаты лағып адам санасы қабылдай алмайтын сандырақтар айтып жала жабады. (Мысалы, «ол да билікте Назарбаевпен бірге қызметтес болған» деген дәлелсіз жалпылама айыптаулар)
Ешкімге жағымпазданбайтын өмірдегі өзіндік ұстанымы бар, азаматтық көзқарасы адамгершілікпен ұштасқан, маңайына ізгілік шашып жүретін әдетіне, оны білетін жұрт тәнті. Мемлекеттік мәселені шешер жерде «барлап ұшатын Баба бүркіттей» әдеті оны қызметте адастырып көрген жоқ.
Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын деген дана бабаларымыз. Осы сөзге жүгінсек Төлеген Жүкеев әлде кімдер секілді, сен кімсің деп бәлденбей, бұлданбай, "мен кіммін" білесің бе, деп кеуде керіп "кісімсімейтін" қарапайым биязы мінезі бен мәдениеттіліктің үлгісін көрсетіп жүреді. Тәуелсіздікке енді қол жетіп тәй-тайлап тұрған жылдары, бірнеше мемлекетшіл азаматтарды туған жеріне, руына емес іскерліктеріне, білімдеріне қарап, алаламай ағалық қамқорлық жасап оларды жоғары лауазымды қызметтерге ұсынды, бүгінде өкінішке орай бұл құндылық өзгелердің бойынан табыла қоймайтын зәру қасиет енді саудаға айналды.
Төлеген мырза билікте болған 90-жылдары Қазақстан тарихындағы 12 премьер-министрдің ең сауаттысы, қиыншылық кезеңде алғаш экономикалық реформа жасаған Әкежан Қажыгелдинді, қазақстандықтардың алғысына бөленген жас реформаторлар Мәскеудің Бауман атындағы техникалық оқу орнын бітірген Ғалымжан Жақияновты, Ресей университетінің түлегі заңгер, ғылым докторы Нағшыбай Шайкеновті жоғарғы мемлекеттік қызметке ұсынады. Төкеңнің көрегендігі адам танитын ерекше қаблетінің дәлелі ретінде айтарым, бұл азаматтардың қызмет барысында әр жылдары Назарбаевтың жүргізген саясатын басында қолдаса да, кейінде қоғамның тоталитарлық бағыттағы теріс жолға кетіп бара жатқандығына көздері жеткен соң, наразылық білдіріп оппозиция қатарына өтулері дәлел.
Кейінен олар Назарбаев құрған сыбайластық жемқорлар ұясына кірмегендіктері үшін қудалауға түсті. Міне Төлеген кезінде қоғамға ауадай қажет мемлекетшіл азаматтарды жоғары лауазымды қызметке тарта білген .
Жоғарыда есімдері аталған азаматтар Төлегенге жерлес те, рулас та, туыс та еместер, ал бүгінде билікті жасақтау сыбайластық тәсіл арқылы «өз адамдарын-руластарын» тағайындау арқылы жүзеге асуда. Тіпті жаңа соңғы «сайланған»-тағайындалған Парламенттің құрамы да ылғи «дерте бұзбайтын» жандайшап-жағымпаздар. Бұл тәсіл демократиямен сыйыспайтын мемлекетті құрдымға апаратын жол.
Міне қоғамдық қайшылықтарды шешу барысындағы тәжірибесінде, Төкең жауапты мемлекеттік қызметке әр түрлі адамдар ұсынылған кезде меритократия (яғни ең дарындылар билігі) принципінен аттап өтпей мемлекетшілдікті бірінші орынға қоя білген және ондай таңдаудың шебер-білгірі болған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттің жоғарғы билігіндегі мемлекетшіл азаматтардың бірегейі, Төлеген Жүкеев арнаулы комиссияны құрамында 28 наурыз 1994 жылы Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасында Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру жөнінде келіссөзге қатысады. Келіссөз сағат 11-ден басталып, кешкі 17 -ге дейін созылады, екі тарап та өз ұсыныстарынан таймайды. Арадағы келіспеушілік Ресей тарапын бастап келген В.С.Черномырдин жалға берудің төлем ақысы 30 миллион АҚШ доллары десе, Төлеген Жүкеев дәлелді фактілер келтіріп 150 миллион АҚШ доллары болады деп, олардың айтқандарына көнбейді. Осы уақыт аралығында қаншама үзілістер жарияланып стол басына қайта-қайта отырып, әр тарап өз айтқандарынан айнымай, өзара келіспеушілік жалғаса береді.
Қазақстан делегациясы құрамында барған сол кездегі ҚР Премьер-министрі Сергей Терещенко, Төлегенге қайта-қайта келіп В.С. Черномырдиннің айтқан сомасына келісіп қол қоя салшы, деп үгіттейді. Осы уақытта келіссөздің созылуына алаңдаған Н.Назарбаев хабарласып «Төлеген бүгіннен қалтырмай осы мәселені дереу шешу керек» дейді. Ол уақытта Назарбаев диктаторлық билікке әлі толық жете қоймаған кезі болатын, сондықтан бірбеткей өте сауатты Жүкеевке қатты қысым жасай алмайды. Тек сол күннен қалтырмай шешуді тапсырады. Келіссөз барысында әккі саясаткер Жүкеев бұлтартпайтын дәлелдер келтіру арқылы, қарсы тарапты айтқанына көндіреді. Осылайша келіссөздің ақыр соңында кешке таман Төлегеннің талабы орындалып, Ресей қазақстанға Байқоңыр айлағын пайдаланғаны үшін 115 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем ақы төлейтін болып келісімге қол қояды. Міне сол жолғы Төлегеннің табандылығы мен отансүйгіштік қасиетінің арқасында содан бергі уақытта қазынамызға 3 миллиардқа жуық қаржы түсіп келді.
Егер сол кезде Қазақстанға жаны ашымаған Премьер–Министр С.Терещенконың тілін алғанда, елімізге аса қажетті қаншама қаржыдан айрылар едік. Міне осындай сауаттылығымен жоғарғы билікте жүргенде Төлеген ағамыз Англияның 1855-1865 жыдары Премьер-Министрі болған мемлекет басшысы Генри Джон Тепл Палмерстонның «Англияның мәңгілік досы жоқ, мәңгілік мүддесі ғана бар» деген өсиетіндей шешімге келіп, өз ұлтының келешегіне жаны ашыған, мемлекетшілдік қадамдары жетерлік. Ал осы даналық көріпкелдік өсиетті мемлекетті басқару тәжірибесінде жиі қолданғандықтан көпшілік бұл сөздің авторы Унистон Черчиль деп шатасып жүр. Ал шындығында бұл даналық сөздің авторы Ұлы Британияның сыртқы саясаты мен қорғаныс саласын басқарған мемлекет қайраткері 1855-1865 жылдары Англияның Премьер-Министрі болған Генри Джон Тепл Палмерстон еді.
Ал бүгінде біздің шенеуніктер басшысының маңында бақсыша шыр-көбелек айналып, тек бас шұлғып ләппай тақсыр деуден басқаны білмейтін жандайшап, жағымпаздар сыбайластыққа салынып, өздерінің сауатсыздықтарымен мемлекетке орасан зор зиян шектіріп отыр. Ал қазіргі биліктегілер «Ресей мен Қытаймен мәңгілік доспыз» деп кеуде қағып оларға саяси экономикалық салада, ұлттық мүдделерін сатып, еселерін жіберіп «тәуелді-отар» рөлінде отыр.
Американдықтардың ұранына айналған сол елдің әйгілі жазушысы Марк Твеннің: "Егер азамат өз елінің саяси киімінің тозғандығын көре тұра, оны тозды деп айтып, оны жаңартуға ат салыспаса, ол өз Отанының сатқыны" деген сөзі Төлеген Жүкеевтің ұлтына қызмет етіп мемлекетшіл болып қалыптасуына ықпал етіп, өмірлік қағидасына айналған.
Осы айтқанымның дәлелі ретінде мына келесі оқиғаны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім, өйткені болған оқиғаның куәлілігіне, ақиқат екендігіне сенімсіздік дау тумауы үшін.
1995 жылғы референдум арқылы халық мүддесіне кереқар, алдағы мемлекеттік төңкеріске жол ашқан заңсыз қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы Франция мемлекетінің Конституциясының көшірмесі еді. Авторитарлы билікті жүзеге асыратын Конституция қандай болуы керек екендігі туралы, Назарбаевтың көзқарасын қалыптастыруда басты рөл атқарған адам-Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Франция азаматы, Алекс Москович болды. Московичтің ата-анасы Ресей империясында туып, 1917 жылғы революциялардан кейін шет елге эмиграцияға кеткен орыстар еді. Ал Москович Қазақстанда президентке саяси мазмұнда кеңестер берумен бірге, өзінің бизнес мүддесі БУИГ (құрылыс) ТОМПСОН және т.б. Францияның компанияларына лоббилік жасады.
1995 жылғы 29 сәуірде өткен Президенттің өкілеттілігін ұзарту туралы өткізілген бірінші референдумнан кейін, Н. Назарбаев ұзақ жылдар ойында жүрген жаңа конституцияның жобасын жасауға дереу кірісті. Осы бас құжат яғни Ата-заңның мәтінін жазуға тартылған басты мамандар: заң ғылымдарының докторы Нағашыбай Шайкенов, заңгерлер Бауыржан Мұхамеджанов және Константин Колпаков. Сол кезде осы конституцияның жобасын қолды- аяққа тұрғызбай мақтауда алдарына жан салмаған биліктің апологеттері – жоғары мемлекет шенеуніктері, кейін осы азаматтар жұртқа белгілі атақты оппозиционерлер атанды. Бұл елге белгілі оппозиционерлер-мемлекет қайраткерлерінің екі майдандағы әрекеттерін жұрттың көбі біледі.
Назарбаевтың сол кездегі мемлекеттік билікті иемдену әрекетіне қарсылық білдірген мемлекеттің жоғарғы басшыларының арасында бірді-екілі азаматтар да болды. Олар вице-президент Ерік Асанбаев, мемлекеттік кеңесші Төлеген Жукеевтер еді.
Мемлекетшіл пиғыл танытқан Төлеген Жукеев өзінің қызмет лауазымын пайдаланып, Ата Заңның авторитарлық бағытта жазылуына кедергі жасау мақсатында, заңға сарапшылар керек деген сылтаумен Франциядан көрнекті, интеллектуалдар Франция мемлекетінің заңгерлері мен құқықтанушылары, Францияның Конституциялық Кеңесінің бұрынғы төрағасы, әрі Сыртқы істер министрі Р.Дюма, францияның атақты ойшылы, экономисі, Европа қайта құру және даму Банкінің бірінші президенті Ж.Атали, және Сорбонна университетінің заңгер профессоры Ж.Кескесондарды шақыртады.
Өкінішке орай мемлекеттік билікті әбден иемденіп алған Назарбаев пен оның жандайшап заңгерлері, тәуелсіз сарапшылар айтқан ескертулер мен ұсыныстарды қабылдамай тастады. Сол кездегі шетел сарапшыларының миссиясы орындалмай тек қағаз жүзінде ғана олардың есімдері тізімде көрсетілумен ғана шектелді.
Осындай жаны жайсаң, әділеттілік пен әділетсіздікке, ақ пен қараға шекара қоя біліп сөйлейтін, адамгершіліктің ауылынан нәр алған, көргені көп азаматтың бүгінде демократия жолында майданға шыққан Жанболат Мамайды қолдап, интеллектуалды рухани тәлімгері болуының өзі Төкеңнің келешек мемлекеттің тәуелсіздік тұғырын қауіптен сақтауға, демократиялық құндылықтарды жетілдірудегі көрегендігі деп білем! Бұл пікірге барлық әділетті жақтайтын азаматтар мен азаматшалар да қосылады деген ойдамын. Өйткені Жанболат секілді жол бастар «серке» бүгінде диктаторлық режімнен әбден үрейленіп, жасып қалған азаматтық қоғамға ауадай қажет болып тұр. Өйткені Жанболат «көптің көзі жеткен шындық жеңбей қоймайды деген қағиданы» басшылыққа алған, болашақтағы ісіне сенімді.. лидер.
Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстандағы авторитарлық әркетінің асқынуы, Төкеңнің өзі айтқандай «демократияның тынысын тарылтып, тұншықтыра берді» енді бұлай бір жерде ондай диктатормен қызметтес болу мүмкіндігі шектеліп, ұлт патриоты Төкең үшін мәні қалмады.
Осындай қысылтайаң шақта билік құрсауынан құтылу оңай болмағандықтан, еріксіз шет елге, елшілік қызметке ерікті түрде кетеді. Алғашында 1996-2000 жылдары Оңтүстік Корей еліне, кейінен 2001-2003 жылдары Иран мемлекетінде барлығы 7 жылдан астам уақыт елші болып кейін өз өтінішімен мүлдем мемлекеттік қызметтен кетеді.
Ал осы ағамыздай ұлтжандылық танытуға тиісті зиялы қауым өкілдері бүгінде бәрі болмаса да, көпшілігі кеңестік дәуірдегі әдіске салып «тасаға тығылып» әр түрлі сылтау айтып, бұғып отыр. Олар өткен кеңестік дәуірден қалған үрейді бойларынан шығаруға дәрменсіз күй кешуде.
Абройыңыз асқақ, мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік Төлеген АҒА, жастарға өнегелі өмір көрсеткен абыз ақсақал атанып, тарих бетінде есіміңіз аталсын !!!
Есенғазы Қуандық
Тарих ғылмдарының докторы, профессор