21 шілдеде Жаңаөзен қаласында тағы үш мекеме жұмысшылары ереуілге шықты. Олардың да талабы – еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеру. Қазір Жаңаөзенде ереуілдеп тұрған мекеме саны – алтау. Бұл жайлы Азаттық радиосы хабарлады. 

Сайт ақпаратына қарағанда, 21 шілдеде мемлекеттік "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнай-газ өндіру басқармасына еден жуып, вахтерлық қызмет көрсететін НБКС мекемесінің жұмысшылары жұмысты тоқтатқан. Онда жұмыс істейтін көп балалы, жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер әлеуметтік желіде видеомәлімдеме жасап, жұмыс жағдайының нашарлығына шағымданды.

"Жұмысшылар "Өзенмұнайгаздың" құрылымдық мекмелеріндегі өндірісте жұмыс істейді. Түскі ас ішуге қалаға келуге мүмкіндігі жоқ. Мұнайшылармен бірге зиянды радиация жұтып жұмыс істейміз, бірақ ол үшін не түскі ас, не сүт берілмейді, зияндылық коэффициенті де қарастырылмаған. Өңірде азық-түлік қымбат болғандықтан, алатын айлық күнкөріске әрең жетеді. Бала-шағаны мектепке дайындау, киіндіру және басқа тұрмыстық шығындарды өтеу қиындық тудырып, жалғызбасты аналар жетіспеушілік тауқыметін тартып отыр" деп мәлімдеді видеода ереуілшілер атынан сөйлеген әйел.

Олар жұмыс берушіден жалақыны екі есе көбейтіп, зиянды жұмыс үшін қосымша ақы төлеуді, еңбек демалысына ақшаны көбейтуді, заңды мерекелерде сыйақы мен емге ақша төлеуді, түскі аспен қамтамасыз етіп, материалдық көмек көрсетуді талап етеді.

Жаңаөзендегі Оilfield equipment and services және "Ақтау мұнай сервис компаниясы" жауапкершіліг шектеулі серіктестіктері жұмысшылары да жұмысты тоқтатты.

Олар бірлесіп, жұмыс беруішінің атына сегіз ұжымдық талап жолдаған. Онда:

  • Жеке еңбек шартын жасауды
  • Ұжымдық шарт жасасуды
  • Еңбекақыны 100 пайыз көтеруді
  • Мұнайшылар және Тәуелсіздік мерекесіне сыйақы төлеуді
  • Аймақтық, салалық коэффициент төлеуді
  • Жыл соңында 13-жалақы төлеуді
  • Кәсіподақты қудалауды тоқтатуды
  • Жұмыстан шығарылған кәсіподақ мүшелері мен төрағасын жұмысқа кері алуды талап етеді.

Жаңаөзендегі "Ақтау мұнай сервис компаниясы" жұмысшылары талабын компанияның Солтүстік Бұзащы, Қаламқас кеніштері мен Жетібайдағы филиалдары жұмысшылары да қолдап, жұмысты тоқтатты деді.

Жаңаөзенде Kunan holding жауапкершілігі шекетулі серіктестігі жүргізушілерінің 19 шілдеде басталған ереуілі әлі жалғасып жатыр. Мекемеде он жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істейтін Бақтығали Сәбиовтың айтуынша, мекеме басшылығы жүргізушілер талабын орындаудың орынына 60 адамды жұмыстан қысқартқан.

Жаңаөзендегі "Батысгеофизсервис" бен "МұнайСпецСнаб компани" жұмысшыларының талабы да орындалмай, ереуіл біраз күннен бері жалғасып жатыр. Жұмысшылар жалақыны өсіруді, ақылы еңбек демалысын заңды түрде кесте бойынша нақты бекітіп, ереуілдеген жұмысшыларды қудаламауды талап еткен.

"The Qazaq Times"