Биыл Қазақстанда қаңтар мен мамыр айларының аралығында өлім саны былтырғы осы кезеңге қарағанда 27%-ға артқан.
Ұлттық статистика бюросы таратқан дерекке сәйкес, 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда бір жасқа дейінгі 1423 сәби қайтыс болған. Бұл 2020 жылғы бес айындағы есептен (алдыңғы жылы 1221 сәби шетінеген) 16,5%-ға көбейген.
Нәресте өлімінің коэффициенті 1000 балаға шаққанда 8,12 жағдайға жетті.
Сонымен қоса, осы аралықта (қаңтар-мамыр айларында) елде 63,7 мың адам көз жұмған. Бұл да былтырғы бес айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 27,3%-ға артық (50 мың адам). Әр мың адамның 8,1-і ажал тырнағына іліккен.
Жағымды жаңалық жөнінде айтсақ, биыл қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,4% - ға (111,5 мың) ұлғайды. АХАТ органдары ұсынған мәлімет қоры бойынша, биыл бес айда 175,2 мың адам дүниеге келген. Бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырға (156,8 мың адам) қарағанда 11,7% көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 22,28 туылғандарды құрады. Мыңдыққа шаққанда табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 14,18 және бала туу көрсеткіші 22,28 болды.
Былтыр көз жұмған 163 613 адамның өлімі Қазақстан үшін жаңа жүзжылдықтағы ең жоғары көрсеткішпен есте қалды.
Қазақстанда пандемия басталғалы түрлі техникалық және оқыс жағдайлардан қайтыс болғандар едәуір кемігенімен, медициналық ауру себептерінен қайтыс болғандар айтарлықтай артты. Дегенмен ресми есепте нақты коронавирустан көз жұмғандар саны жалпы өлімнен бірнеше есеге аз көрсетілген. Тәуелсіз зерттеу ұйымдары мен сарапшылар ковидтің шынайы өлім көрсеткіші үкіметтік есептен әлдеқайда көп екенін және олардың басым бөлігі түрлі созылмалы аурулардан қайтыс болды деп рәсімделгенін айтады.