НАТО мен Украина бірлесіп өткізген Қара теңіздегі «Sea Breeze 2021» әскери жаттағуы сенбі күні мәресіне жетті. Екі аптаға жалғасқан жаттығуда 30 әскери кеме мен 40 ұшақ пайдаланды. Осылайша НАТО мен Украина қорғаныс саласындағы байланысты бекемдегенін көрсетіп, өздерінің жауынгерлік қабілеттерін әйгіледі.
НАТО мен Украина арасындағы кезекті әскери оқу-жаттығудың мақсаты жабдықтардың және қатысушы жеке құрамының жұмысын үйлестіруді барынша жақсарту болды.
Жаттығуға қатысқан USS Ross эсминецнің капитаны, подполковник Д. Джон Associated Press агенттігіне берген жауабында: «Біз бұл жаттығу арқылы кез келген халықаралық ұйым мен жекелеген елдердің Қара теңіз секілді халықаралық ортақ суларда өз егемендігін асыра пайдалана алмайтынын көрсеткіміз келді. Бұл теңіз айдыны халықаралық қауымдастыққа ортақ, біз барлық елдердің халықаралық теңіз айдындарын еркін пайдалана алатынына сенімдіміз», – деген.
Оның бұл сөзі атын атап, түсін түстемесе де Мәскеуге қаратылғаны айдан анық. Дегенмен, Мәскеу тарабы да өз кезегінде «Sea Breeze-2021» жаттығуына жіті назар аударып отырғанын білдірді. НАТО мен Украинаның бірлескен жаттығуына жауап ретінде Ресей де елдің солтүстік-батысы мен Қара теңізде бір уақытта әскери жаттығу өткізді. Бұған қоса Қырым түбегі маңындағы су үсті шекарасын бұзды деп НАТО мүшелерін айыптауын жиілетті.