Қазақстанда өткен тәулікте 3899 адамға коронавирус жұққаны анықталды. Бұл –бұрын-соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жексенбі күні ең көп науқас астанада тіркелген. Елордада 950 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Алматыда – 638, Қарағанды облысында – 603, Атырау облысында – 290, Шымкентте – 264, Батыс Қазақстан облысында – 215, Ақмола облысында – 139, Маңғыстау облысында – 126, Павлодар облысында 142 науқас тіркелді. Қалған облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді.
10 шілдеде індеттен 37 адам қайтыс болған. Олардың 34-інің өліміне коронавирус, 3-еуінің өліміне коронавирус пневмониясы себеп болған.
Қазір "жасыл аймақта" Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысы ғана қалған. Төрт облыс: Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары – "сары аймақта". Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары "қызыл аймақта" тұр. Алгоритмге сәйкес, "қызыл аймақтарда" карантин күшейеді.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айынан бері 458 724 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4681-і қайтыс болған. Үкімет былтыр тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 10 шілдеге дейін 57 900 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан (10 шілдеде 40 адамның пневмонияға шалдыққаны анықталды), 3492-сі қайтыс болған.
Кейінгі апталарда, елде "үндістандық штамм" тарала бастағалы коронавирус жұқтырғандар күн сайын көбейіп жатыр.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 372 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 442 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.