Сенбі күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты лауазымынан босатату туралы сөз қозғады. Мал қырғынына өзін кінәсіз деп есептейтін Омаров бірден отставкаға кетті.
«Биыл жем-шөппен қамту қаншалықты маңызды екенін бәріміз түсіндік. Қолайсыз күн райы мен тиімсіз болжау салдарынан Маңғыстау мен Қызылордадағы ахуал ушығып тұр. Маңғыстау облысында қырылған мал саны 3 мыңға жетті. Министрлік пен әкімдіктер тиісті шаралар қабылдамады. Нақты және бірізді жұмыс жүргізілмеді. Солардың кінәсінен ауыр шаруашылығы шарасыз күйге түсті. Кері байланыстың жоқтығынан фермерлер тікелей менен көмек сұрай бастауға мәжбүр болды. Әрине, қуаңшылық – табиғи құбылыс, оны жақсы түсінемін. Мұндай қиын жағдайда жауапты министрлік тез арада жедел және шешімді түрде әрекет етуі керек еді. Бірақ министрлік бұл шаруаны атқара алмады. Сондықтан осы салаға жауапты адам – министр Сапархан Омаров отставкаға кетуі керек», – деді Тоқаев Үкімет жиынындағы сөзінде.
Арада бір сағат өтер-өтпес Ақорда баспасөз қызметі Тоқаевтың жарлығымен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров отставкаға кеткені жөнінде ресми ақпарат таратты. Биылғы жазда отставка арқалаған Омаров министр лауазымына 2019 жылғы ақпан айында тағайындалған еді.
Оңтүстік-батыс өңірлеріндегі қуаңшылық пен жем-шөп қорының жеткілікті дайындалмауы себепті жаппай мал қырылып жатыр. Өткен аптада ведомство мал қырғыны тоқтағанын, қажетті амалдар жасалып жатыр деген. Десе де ахуал әлі де қалыпқа келмегенін желідегі хабардан көруге болады. Жергілікті халық лажсыздықтан малын жаппай сатуға мәжбүр. Сарапшылар мұның салдары алдағы күзде ауыл шаруашылығы өнімдері айтарлықтай қымбаттайды деп қауіптенеді.