Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі локдаун жариялау шартын қайта мәлімдеді. Ауруханаларда науқастарға арналған төсектердің 70%-дан астамы толса, карантин күшеймек.

Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов 8 шілдеде ОртКом алаңында өткен баспасөз жиынында әзірге елдегі төсек-орынның 37%-ында сырқаттар жатыр деді. Оның айтуынша, пессимистік болжамға сәйкес, тамыз айында науқастар саны екі есе артуы мүмкін.

«Эпидахуалға байланысты болжам өзгеріп-екшеленіп отырады. Біздіңше, келесі айда пациенттердің қатары көбейеді. Егер пессимистік болжамға жүгінетін болсақ, онда ауру жұққандар саны екі есе артуы ықтимал», – деді Шоранов.

Вице-министр журналистердің карантинді қатайту жоспары жөніндегі сұрақтақтарына берген жауабында ведомство өзінің бұрынғы шартын басшылыққа алатынын хабарлады. Бұл – ауруханадағы төсек-орындардың 70%-ына науқастар толған жағдайда локдаун шешімі қабылданады. Оның сөзінше, эпидахуал нашарлап, іс насырға шапқан күннің өзінде, бірден қосымша орындар жасақталады.

Сонымен қатар, Шоранов қазір «денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеме күшейгенін» айтып дабыл қақты. Мамандар елдегі төртінші толқынның басталу себебін осы уақытқа дейінгі үлгілерге қарағанда әлдеқайда қауіпті үндістандық «дельта» штамының тарауымен байланыстырады. ДДСҰ 7 шілдедегі дерегінше, қатерлі дельта штамы дүниежүзінің 104 елінен анықталған. Қазақстанда ауырғандар саны ресми дерек бойынша жарты милионнан, ал тәуелсіз зерттеушілердің есебінше 5-6 милионнан асқан.

"The Qazaq Times"