Елде індетке шалдыққандар қатары 2826 адамға көбейіп, тағы 34 науқас көз жұмды. Салдарынан Қазақстанның жартысынан астам бөлігі қызыл аймаққа өтті,жағдай тек ШҚО мен Түркістан облыстарында ғана әзірге тұрақты. Өкпені жасанды желдету аппаратына таңылған науқастар мен жансақтау бөліміндегі сырқаттардың саны артты.  Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында, әсіресе Батыс аймағында эпидахуал едәуір нашарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 7 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 2800 адам, ал 6-сы коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 26 адам тіркелді. Қазір елде 35,5 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 34 265, КВИ- бойынша 1289) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей астана (794),  Қарағанды облысы (349) және Алматы қаласында (340) тіркелді. Бұдан өзге БҚО (179), Маңғыстау (154), Атырау (149), Ақмола (129), Павлодар (126) облыстарында және Шымкентте (133) дерт үдеп барады. Өткен тәулікте 1383 адам айығып шығып, үйіне жіберілген. Осы сейсенбіде жиыны 28 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 6 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 26 науқас есепке алынды. Демалыс күні болғандықтан, мехханикалық тәсілмен жиналып-өңделетін пневмония дерегі едәуір кеміген. Ведомство дерегінше, олар Қостанай (9), Ақмола, Қостанай облыстары және астанада (әрқайсында үш-үштен) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 44 адам айығып шыққан, тағы 6 адам көз жұмған.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 35 554 науқастың 11 мыңға жуығы ауруханада, 24,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 709 науқастың жағдайы нашар, ондағы 161 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 91 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Өткен күнгі дерек бойынша, вирустың таралу қатері жағынан астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстары «қызыл аймаққа» енді. Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.

Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 445 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 57,5 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 502 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 10 мыңдайы (КВИ+ / U07.1 – 4544, КВИ- / U07.2 – 3476, ілеспе аурулардан – 1962) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 283 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.

"The Qazaq Times"