АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери қолбасшысы елдегі қауіпсіздік жағдайына алаңдаушылық білдірді. Азаматтық соғыс қаупіне қарамастан НАТО мен АҚШ елден әскер шегіндіруін 11 қыркүйекке дейін толық жүзеге асырмақ.

АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери қолбасшысы  Остин Скотт Миллер (Austin Scott Miller) сейсенбі күні ақпарат құралдарына «Ауғанстанның қауіпсіздік жағдайы өте нашар күйде» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ пен НАТО әскери шегінуді бастаған 1 мамырдан бері «Талибан» ұйымы елдегі 419 әкімшілік аймақтың 100-ден астамын бақылауына алып үлгірген.

Дегенмен, Ауғанстанның үкімет күштері де күресті табанды жалғастырып жатыр. Тәліптер басып алған бірқатар әкімшілік аймақтарды қайтарып алды. Алдағы уақытта «Талибан» ұйымының бақылауындағы аудандарды босатуға уәде беріп отыр.

Шетелдік ақпарат агенттіктерінің Ауғанстан туралы ақпараттарына назар аударатын болсаңыз көбіне көп «Талибан» қозғалысының аудандарды, провинция орталықтарын басып алып жатқаны айтылады. Ал, Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің қайтарып алғаны туралы хабарлар көп айтылмайды. Осының өзінен Ауғанстандағы жағдайды бұрмалауға дайын тұрған шетелдік күштердің бар екенін көрсетеді. Әрине, бұл Ауғанстандағы жағдайдың қауіпті екенін жоққа шығару емес, ақпараттардан елдегі нақты жағдайды тану үшін аса сақтық та қажет болатындай.

Ауғанстанның үкіметі мен «Талибан» арасында азаматтық соғыстың болуы мүмкіндігі жоғары. Бірақ, Миллер сөзінде «президент Байденнің бұйрығын өзгеріссіз орындайтынын» айтты. Сәуірде Байден Ауғанстандағы әскерлерді 11 қыркүйекке дейін елге қайтару туралы бұйрық берген болатын.

“The Qazaq Times”