Беларусь билігі журналистер мен тәуелсіз БАҚ-қа қысым жасауды тоқтатуы керек. Бұл туралы ЕО сыртқы саясат қызметінің мәлімдемесінде айтылған.

Мәлімдемеде Минскінің tut.by порталына, басқа тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге қарсы қысымы ел билігінің сөз бостандығын мүлдем ескермегенін көрсетеді. Мұның барлығы Беларусь қабылдаған негізгі халықаралық міндеттемелерге қайшы келеді. Журналистерді қудалау тоқтатылып, барлық саяси тұтқындар босатылуы керек», – делінген.

Еуропалық одақ сонымен бірге «бейбіт шерушілерге және қоғамның түрлі салаларына, соның ішінде құқық қорғаушыларға, саяси оппозиция мүшелеріне қатысты зорлық-зомбылық пен репрессияны тоқтатуға» шақырды.

Сейсенбіде Беларусь Мемлекеттік бақылау комитетінің қаржылық тергеу департаменті «Tut by Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің лауазымды тұлғаларына қатысты салық төлеуден жалтарды деп қылмыстық іс қозғады. Бас прокуратураның хабарламасы негізінде республиканың Ақпарат министрлігі tut.by интернет-ресурсын бұғаттау туралы шешім қабылдады. Тінту компанияның орталық кеңсесінде, сондай-ақ оның аймақтық кеңселерінде жүргізілді. Республикадағы Еуроодақ өкілдігі және АҚШ елшілігі Беларусь билігінің порталға қатысты әрекеттерін айыптады.

Өткен жылдың соңында Минск экономикалық соты Беларусь Ақпарат министрлігінің өтінішін қанағаттандырып, tut.by порталын бұқаралық ақпарат құралы мәртебесінен айырды. Содан кейін tut.by редакциясы портал интернет-ресурс ретінде жұмысын жалғастыратынын айтты. Сонымен бірге ел билігі портал журналистерін мемлекеттік органдарға ресми ақпарат алу үшін жүгіну құқығынан айырып, бұқаралық іс-шараларға қатысуға тыйым салды.

"The Qazaq Times"