АҚШ Беларуське экономикалық санкция енгізуді қарастырып жатыр. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, президент Байден Беларусь мәселесін 16 маусымда Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуінде көтереді.
Кеше Еуроодақ Беларуське санкция салу туралы шешім шығарған. Енді Беларусьқа қарастырылған 3 миллиард еуро көлемінде инвестициялық және экономикалық көмек көрсетілмейді. Бұған дейін Еуропа ұшақтарын Беларусь әуе кеңістігінің үстімен ұшырмау туралы шешім қабылдаған. Санкция күшіне енгеннен бастап белорус авиациясына одақтың 27 мемлекетінің әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынады.
23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болған. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп Ryanair ұшағын Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындады. Ұшақты бұруға Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген.
Бұл халықаралық дәрежеде дау туғызды. Батыс елдері Беларусь билігінің әрекетін айыптап, журналисті босатуды талап етті. Сонымен қатар Латвия ұшақтарын Беларусь үстімен ұшырмайтынын мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский де үкіметке Беларусьпен әуе рейстерін тоқтатуды және бұл елдің төбесімен ұшақ ұшыруға тыйым салуды тапсырды.
Айта кетейік, Роман Протасевич – «Еуропаның соңғы диктаторы»Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Беларусь билігі бұл арнаны экстремистік медиа деп санайды. Соңғы кездері ол «Беларусь головного мозга» телеграм-арнасын да жүргізген. Кейіннен ел билігі Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны «террористер тізіміне» қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған.