Төрт күннің ішінде Израиль Газа секторының аумағына кемінде 1 750 зымыран атылған. Осыған байланысты БҰҰ шұғыл кеңес өткізді, бірақ нәтиже болған жоқ. Кеңестің 14 мүшесі Израильден қақтығысты тоқтатуды талап етті. Бірақ АҚШ президенті Байден Израильді қолдайтынын айтып, басқа тараптармен келіскен жоқ.

Израиль қорғаныс армиясының Twitter-дегі жазбасында: «Израиль Газа секторындағы 650-ден астам террористік нысанаға, соның ішінде зымырандарға, Палестина Израильге шабуыл жасау үшін қолданатын 10 туннельге, ХАМАС қозғалысының 100-ден астам содырына және «Ислам жиһадына» соққы берді», – делінген.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыс кезінде 109 палестиналық, оның ішінде кәмелетке толмаған 28 құрбан болған. 600-ден астам нысан қираған. Жарақаттанғандар саны артты.

Палестина президенті Махмұд Аббас мәлімдемесінде: «Құддыс Палестинаның жаны мен жүрегі. Оны толық азат етпей, ешқандай да бейбітшілік, қауіпсіздік болмайды. Құддыс – Палестинаның, мәңгілік мемлекеттің астанасы. Мен АҚШ пен Израильге «жетеді енді, елімізден кетіңдер» деп, шегелеп тұрып айтқым келеді. Жеріміздегі басып алу саясатын ертең емес, бүгін тоқтатыңдар»,– деді.

Екі ел арасында басталған қақтығыс 10 мамырдан бері жалғасып жатыр. 12 мамырда Израиль Газа секторына әуеден шабуыл жасап, ХАМАС тобының командирін өлтірді. Бұған жауап ретінде ХАМАС Израиль тарапын ракетамен атқылады. Сондай-ақ Израиль көшелерінде еврейлер мен израильдік арабтар төбелесіп, жанжалдасқан. Бұл мәселеде Израиль премьері Бенжамин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Джо Байден Израильге қолдау білдіріп, ХАМАС тобының ракета шабуылдарын айыптаған.

Таяу Шығыстағы шиеленіс өткен айда ушыға бастаған. Оған Израиль сотының Иерусалимдегі Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды көшіру туралы шешімі себеп болды. Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, астанамыз деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындамады. Палестиналықтар Шығыс Иерусалимді өз жеріміз әрі болашақта құрылатын тәуелсіз еліміздің астанасы болады деп санайды.

Яғни Иерусалим мәртебесін анықтау – Палестина-Израиль қақтығысындағы негізгі мәселенің бірі. 1967 жылғы соғыс кезінде израильдіктер қаланың шығыс бөлігін алды. Олар Иерусалимді Израильдің «біртұтас және бөлінбейтін» астанасы деп атайды. Ал палестиналықтар қаланың шығыс бөлігін өз мемлекетінің астанасы ретінде жариялағысы келеді. 2018 жылдан бастап АҚШ пен Гватемала елшіліктері Иерусалимде жұмыс істеп тұр.

2019 жылы маусымның соңында Ақ үй Палестина-Израиль қақтығысын реттеу бойынша құжатта экономикалық аспектілер бар екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Палестина мен көрші елдерге $50 млрд.көлемінде инвестиция бөлу қарастырылған. Бірақ Палестина әкімшілігі мен бірқатар араб елдері осындай көзқарасты орынсыз деп, құжатқа бойкот жариялады. Уашингтон даулы аймаққа айналған Иерусалимді Израильдің территориясына жатқызады. Палестина болса, бұған үзілді-кесілді қарсы.

"The Qazaq Times"