Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты сынап жүрген оппозициялық саясаткер Жениш Молдокматов екі айға қамалды. Ол «билікке қарсы наразылық кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген күдікке ілінген. Тәуелсіз сарапшылар мұның «саяси астары бар» деп санайды.

Молдокматов былтыр қазанда парламент сайлауына түсіп, жеңіліп қалған. Кейін ол мыңдаған адаммен бірге сайлау нәтижесіне қарсы наразылыққа шыққан. Нәтижесінде сол кездегі президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткен болатын.

Оппозиционердің адвокаты Кантемір Турдалиев сот шешімімен келіспейтінін айтып, шағым түсірмек.

Елдің қазіргі президенті Садыр Жапаров 2013 жылдың тамызында Қырғызстан Жоғарғы Сотының шешімімен «билікті күшпен басып алуға әрекет еткені үшін» кінәлі деп танылып, бір жыл бес айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ сот залында босатылды. Кейіннен Жапаров төрт жыл бойы шетелде тұрды.

2017 жылғы 25 наурызда саясаткер Қырғызстанға оралғаннан кейін қамауға алынды. Оған Қылмыстық кодекстің «кісі өлтіруге әрекет», «кепілге алу», «бұзақылық», «билік өкіліне зорлық-зомбылық ету» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сол жылы 2 тамызда Бішкектің Первомай аудандық соты оны бірнеше қылмыс жасағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырды.

2020 жылы қазанның басында Қырғызстанда парламенттік сайлау нәтижелеріне қарсы жаппай наразылық акциялары басталды. 6 қазанға қараған түні Жапаров жазасын өтеп жатқан Шу облысындағы колониядан өз жақтастарымен босатылды. Сол күні Қырғызстанның Жоғарғы соты оның үкімін жойды. 10 қаңтарда Жапаров Қырғызстан президенті болып сайланды. Орталық сайлау комитетінің мәліметінше, ол сайлаушылар дауысының 79,2% дауысын жинаған. Кейіннен Конституцияға өзгерту енгізуді қолға алған ол Қырғызстанды президенттік республика деп жариялап, тұтас билікті қолына алды.

"The Qazaq Times"