Жапонияда эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты төтенше жағдай мерзімі ұзартылды. Ресми мәлімет бойынша бүгінге дейін мұнда барлығы 618 мың адам вирус жұқтырған. 10 мың адам қайтыс болған.
Биыл Токиода жазғы Олимпиада ойындары өтуі тиіс. Олимпиаданың ашылуы 23 шілдеге жоспарланған. Бірақ бүгін Олимпиада ойындарының өтуіне қарсылық білдірген халық ереуілге шықты. Тұрғындар спорттық шарадан кейін коронавирус індетінің ушығып кетуіне алаңдаулы. Токиодағы Ұлттық стадион алдында жиналған көпшілік пандемия кезінде бұл доданы өткізу орынсыз дейді.
Бұған дейін он үш елге Жапония аумағына кіру ережелері қатаңдатылған болатын. Ресми құжатта: «Австрия, Бельгия, Бразилия, Германия, Дания, Италия, Нигерия, Нидерланды, БАӘ, Словакия, Швейцария, Швеция, Франция азаматтары үшін Жапония аумағына кіру ережелері өзгертілді. Туристер елге кіргеннен кейін үш күн ішінде карантиндік мекемелерде болуы керек. Осыдан кейін олар коронавирусқа тест тапсыруы керек. Теріс нәтиже болған жағдайда екі апта оқшаулануы тиіс», – делінген.
Ұлыбританиядан коронавирустың жаңа штамының табылуына байланысты әлемнің барлық елдеріне виза беруге тыйым Жапонияда 28 желтоқсанда күшіне енді. Бастапқыда бұл шара қаңтардың соңына дейін қолданылуы керек еді. Бірақ кейіннен ол төтенше жағдай режимімен бірге ұзартылды. Елде төтенше режим жойылғаннан кейін де Жапония билігі шетелдіктерге виза беру ережелерін жеңілдетпейді.
Қазір елге тек жапон азаматтары және ұзақ мерзімді визалары бар шетелдіктер кіре алады. Шекарадан өткенде олар 72 сағат ішінде тапсырылған теріс нәтижелі ПТР тестін растайтын құжат болуы қажет.