Көктем туғалы Қазақстанда 110 мыңдай сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне ай толды. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 29 сәуір коронавирус (КВИ+) жұққан 2853 адам, ал 28-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 105 адам тіркелді. Қазір елде 42,7 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 42 235 , КВИ- бойынша 495) ауырып жатыр.
#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (675) мен астанада (566) тіркелді. Бұдан өзге Қарағанды (255), Алматы (180), БҚО (155), Ақмола (150), Павлодар (146), Ақтөбе (130) облыстары және Шымкентте (105) дерт дендеп тұр. Өткен тәулікте аурудан айыққан 2626 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге бейсенбіде жиыны 30 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 28 сәуірде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 105 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Жамбыл (25), Алматы (21), ЩҚО (11), Маңғыстау мәне Атырау (әрқайсыз сегіз-сегізден) облыстарында көптеп тіркелген. Сонымен қоса, 95 адам айығып шыққан, тағы 3 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 42 730 науқастың 15 мыңы ауруханада, 27,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 763 науқастың жағдайы қиын, ондағы 196 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 112 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан СҚО, Қостанай мен Түркістан облысы «жасыл аймақта». Алматы, ШҚО, Жамбыл, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Шымкент «сары», ал Атырау, Ақмола, БҚО, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.
Үкімет мәліметінше, осы көктемде геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2,5 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айында табылған кейстер саны – 75 мың сырқат және 615 өлім жағдайы. Бұл наурыз айынан екі есеге артық. Жалпы көктемнің екі айында 110 мың (КВИ+ 106 мың, КВИ- 3,5 мың) науқас анықталды, 1062 адам (КВИ+ 896, КВИ- 166) өмірден қайтты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 320 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 53 мыңға тақаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 372,5 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6081-і (КВИ+ / U07.1 – 3668, КВИ- / U07.2 – 794, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 1 млн 184 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V және отандық QazVac вакцинасының алғашқы дозасын алған.