Қазақстаның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағалығынан бас тартып, ол лауазымын елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Бұл туралы бүгін, 28 сәуірде өткен ассамблеясының 29-сессиясында белгілі болды.
Сессияны қорытындылаған Назарбаев ҚХА төрағасы лауазымын елдің іс басындағы президенті атқаруы тиістігін алға тартты.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас тартпаймын да. Дегенмен ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен ассамблеяны басқару құқығымды президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылы консультативті-кеңесші орган ретінде Назарбаев бастамасымен құрылған. Оны сол сәттен бастап Назарбаевтың өзі басқарып келді. Бұл органға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілген. Осыдан кейін ассамблея парламенттің төменгі палатасы – мәжілістің тоғыз депутатын сайлау құқығына ие болды. Елде бұл органның жұмысын сынайтындар көп.
Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген 80 жастаға Назарбаев 2019 жылдың наурызында президенттік өкілетінен бас тартып, билікті сенаттың cол кездегі спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің, «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде билікке әлі де ықпалын жүргізіп отыр.