"Қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталып жатқан "СК-Фармация" компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің адвокаттары сотқа денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды куәгер ретінде шақыруын сұрады. Бұл ақпартты Tengrinews.kz сайты хабарлады.

Шәріптің үстінен қозғалған іс бойынша сот 21 сәуірде басталған. Оған екі бап бойынша айып тағылған: "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (361-бап, 4-тармақ 3-пункт) және "заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау" (287-бап 2-тармақ 3-4 пунктер).

Tengrinews.kz сайтының ақпаратына қарғанда, 28 cәуірдегі сот отырысында Шәріптің адвокаты Ерлан Мәкен жәбірленуші тарап (Денсаулық сақтау министрлігі) өкілінің сот барысында қойылған сұрақтарға жауап бере алмағанын алға тартып, куәгер ретінде министр Цойдың өзін шақыртуды сұраған.

Ал жәбірленуші тарап өкілі министрді сотқа шақырту "негізсіз" деп айтқан.

"Өтінішті қанағаттандырудан бас тартуыңызды сұраймын, өйткені қорғаушы тарап өтінішті берген кезде жалған деректерді пайдаланды. Бізді көптеген сұраққа жауап бермеді дейді. Жауапсыз қалған сұрақтарға мен келесі сот отырысында жауап беремін. Олардың жалпы саны небары бес сұрақты құрайды. Министрді сот отырысына шақырту артық деп есептеймін, өйткені министр маған министрліктің атынан сенімхат жазды"  деді жәбірленуші тараптың өкілі Сержан Оралов сотқа.

Судья қос тараптың өтініш бойынша біржақты шешім шығарған жоқ, бірақ сотта қойылған сұрақтарға жауап ала алынбаса, куәгер ретінде Цойды шақырту мәселесін қарастыратынын жеткізді.

"Мен жәбірленуші тараптың өкіліне қойған сұрақтарым бойынша оған дайындалуды тапсырдым. Қажет болған жағдайда сіз министрліктің қандай да бір құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан жауап алу туралы өтініш жасай аласыз, олар осы сұрақтарға толығырақ жауап бере алады, біз оларды шақырамыз. Егер сот жауап алмаса және министрді шақыру қажет деп тапса, мен адвокаттың өтінішіне ораламын. Сонымен қатар, куәгерлер тізімінде бұрынғы министр Елжан Біртанов бар, оған да сұрақтар қоя аламыз" деді судья Қанат Дүйсембиев.

Прокуратураның болжауынша, Берік Шәріп "бір реттік қорғаныш киімдерін сатып алу бойынша басқа тасымалдаушыларға қарағанда қымбатырақ баға ұсынып, соның өзінде өнімді уақытында жеткізбеген компанияға басымдық берген". Прокуратура өкілдерінің айтуынша, былтыр індет өршіген шақта – сәуір-мамыр айларында республикалық маңызы бар қалалар мен аймақтарда соның салдарынан қорғаныш киім тапшылығы туындап, нәтижесінде дәрігерлер жаппай коронавирусқа шалдыққан. Сотта денсаулық сақтау министрлігінен куәлік ретінде келген адам сол аралықта елде 2 мыңға жуық медицина қызметкеріне коронавирус жұққанын айтқан.

Берік Шәріпті айыптап жатқан прокурорлардың айтуынша, ол 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) денсаулық сақтау департаментінде қызмет істеп жүрген кезде дүкеннен қару-жарақ сатып алып, оны заңды түрде тіркетпеген. Былтыр тамыз айында тінту кезінде сол әрекеті әшкереленіп, тәркіленген. Оған "қару-жарақты заңсыз сақтауға" байланысты айып осы әрекетіне байланысты тағылып отыр.

"СК-Фармация" – мемлекеттік ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай дистрибьютор компания. Берік Шәріп былтыр осы компанияны 4 ай басқарған. Ол бұл қызметінен былтыр шілде айында елде коронавирус індеті өршіп тұрған шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынан кейін босатылған.  Тоқаев сол кезде "СК-Фармация" төңірегінде "қандай да кландардың мүддесі бар" деп айтқан.

«The Qazaq Times»