Аустралияның жаңа қорғаныс министрі Қытайдың Тынық мұхиттағы қатеріне қарсы белсенді шаралар қолданады деп күтілуде. Питер Дютон бұл күткеннен шығатынын байқатты. Жексенбіде жасаған мәлімдемесінде Тайуан бұғазында Қытаймен қақтығыс ықтималдығын ескермеуге болмайтынын айтты. Ол сондай-ақ, Тайуан бұғазында соғыс қатерін болдырмау үшін Аустралия қарулы күштері өз одақтастарымен белсенді жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Питер Дютон жексенбі де ABC арнасына берген сұхбатында: «Қытайдың Тайуанды өзіне қосып алу мақсаты барған сайын айқын бола түсті», – деді. «Жұртшылық бұған шынайы қарауы керек. Бүкіл аймақтағы маңызды нүктелер әскериленуде, әскери белсенділік жоғары шекке жақындады және Тайуан мен Қытай арасында қарсыластық айқын бола түсуде», – деді Аустралияның жаңа қорғаныс министрі.
Сондағы Қытай СІМ-інің айтқан сөзі
Дүйсенбі күні Қытай СІМ тарабы Аустралия қорғаныс министрінің сөзіне жауап беріп: «Аустралия Тайуан мәселесінің сезімталдығын толық танып, «Үлкен Қытай» қағидасын сақтайды деп үміттенеміз. Сөз бен істе сақ болып, Тайуанды бөлшектейтін сеператистік күштерге қауіпті сигнал жібермеуі керек», – дейді Қытай СІМ өкілі Уаң Вынбин.
Бейжің бұл сөзімен Аустралияға «тізгініңді тарт» деп тұрғаны анық. Аустралия ғана емес, Құрама Штаттардың Тайуанға қатысты мәлімдемелері мен түрлі әрекеттеріне Қытай барынша батыл жауап беруден тайсалмайды. Ондағысы «Тайуан біздің қызыл сызығымыз» дегенді қалыптастыруға тырысуы.
Тайуан тақырыбының сезімталдығы
Бейжің ежелден Тайуанды өзіне қарасты Қытайдың бір провинциясы деп санайды. Ал, Тайуан билігі ел болашағын арал халқының өзі таңдайтын, дербес демократиялық жүйесі бар ел ретінде қарастырады. Аустралия қорғаныс министрі айтпаса да, Тайуанды біріктіру Қытай басшысы Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) басты мақсаты екені белгілі болған еді. Онсызда сезімтал болып келген Тайуан тақырыбы қазіргідей теке-тірес күйде тіпті де маңыздылығы артып, қақтығыстың білтесіне айналып отыр.
Қазіргі жағдайды бағамдай отырып, Тайуан шынында Қытайдың екіленбей ашық қақтығысқа өтетін сезімтал нүктесі деуге толық негіз бар. Неге десеңіз, Қытай өзінің ұзақ мерзімдік даму стратегиясында әлемнің көшбасшысы болу сынды бұлтартпас арманын орнатқан. Бұл арманға жету үшін АҚШ-пен тек экономика да ғана емес, қорғаныс қуаты, өндіріс қуаты және технология бойынша бәсекелес бола алуы керек. Бұның көбі барып Тайуанға тіреледі. Себебі, Тайуан Қытайдың технология өндірісіндегі маңызды серіктес. Бұл күнде Тайуан Қытайға комьютерлік жұмсақ бөлшектерді, чиптерді сатуды шектей басап еді, Қытайдың технология өндірісіне үлкен тұсау түсті. Осыған ұқсас Тайуан Қытай экономикалық дамуы үшін де аса маңызды. Қытайдың 1980 жылдардағы экономикалық реформаларының сәтті болуына да Тайуанның зор үлесі болды.
Бұлардың бәрін айтпаған күнде де, қытай халқының танымында «отан тұтастығы», «тарихи территория» түсініктерінің бәрінде Тайуан аралы «Ұлы Қытай елінің» ішінде қарастырылады. Қытай тарихында Тайуанды «отан құшағына қайтарған» тұлғалар айрықша әспеттеледі. Бұл тарихи орыннан қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиң үміткер. Тайуанды ҚХР құрамына толықтай біріктіру Шидің ең үлкен мақсатының бірі. Ал, Ши болса өз билігін өткеріп беруден бұрын осы міндетті орындауды көздейді. Сондықтан, Қытайдың билігі Тайуанды уыстан шығарып алмас үшін барын салуға тырысуы мүмкін.
Ал, АҚШ тұрғысынан қарағанда Гонконгте коммунистік билік өз өктемдігін орнатқаннан кейін Қытайға демократиялық құндылық тұрғысынан ықпал етуші бірден бірден бір Тайуан қалғанын біледі. Берік демократиялық жүйесі бар Тайуанды авторитарлы Қытай билігіне беріп қою Құрама Штаттар үшін ғасырлық орыны толмас жоғалту болар еді. Осы және өзге де толып жатқан себептер Тайуан бұғазын бұл күнде әлемдегі ең қауіпті қақтығыс нүктесіне айналдырып отыр.