26 сәуір денсаулық сақтау министрі Алексей Цой астанадағы №9 емханада Қазақстанда жасалған отандық QazVac екпесінің алғашқы дозасын алды. Президент Тоқаев райынан қайтып, есесіне министр Цойдың жамбылдық вакцинаны салдырған сәтін «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетті.

Ғылыми атауы QazCovid-In қазақстандық инактивті вакцинаның клиникалық сынағының үшінші кезеңі 9 шілде аяқталады. Десе де Үкімет сынақтың жартылай кезеңінде аралық нәтиже негізінде Ресей үлгісінде уақытша тіркеуге рұқсат етіп, елге егуді бастап кетті. Жалпы үш кезеңге 3244 адам (І кезеі – 44, ІІ кезең – 200, ІІІ кезең 3 мың) ерікті ретінде қатысқан.

Пандемия тұсындағы Қазақстанның екінші денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «QazVac отандық екпесін алғашқылардың қатарында алып жатқан сәті». Фото: ҚР ДСМ

Алайда халықаралық тәжірибеде Pfizer, Moderna, Спутник V, Johnson & Johnson сияқты танымал вакциналардың үшінші кезеңдегі клиникалық сынағына кемінде 30 мыңнан аса адам қатысқан.

Вакцинаны Жамбыл облысындағы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты жасап шығарды. Ресми мәліметке қарағанда, көлемі 50 мың доза болатын алғашқы транш аймақтарға жіберілген және бүгіннен бастап егіле бастады.

QazVac вакцинасының кең көлемде қолданылып жатқан Спутник V екпесінен айырмашылығының бірі – әр флаконда бір ғана доза болады. Демек екпе алуға келгендер ГамКовидВак сияқты бес адамның жиналуын күтпейді.

Бұған дейін қаңтар айының аяғында президент Тоқаев QazVac «сәтті шықса, салғызуға» уәде еткен райынан қайтып, сәір айының басында, вакцина тапшы кезде ресейлік Спутник V екпесін алғаны хабарланды. Қоғамда қызу талқы тудырған соң Ақорда президенттің отандық вакцинаны алуға ниетті екенін хабарлаған. Бірақ нақты қашан салдырары белгісіз. Медицина мамандары бір екпенің иммундық жауабы бір жылға жеткілікті екенін және екі вакцинаны қатар алуға болмайтынын ескертеді.

Екпені жасап шығаруға жауапты ғалымдар инактивті вакцинаның қуаты зор дегенімен, бірақ халықаралық ғылыми басылымдарға терең зерттеу материалдары жариялана қоймаған. Бұлсыз көптеген ғалымдар мен сарапшылар нақты байлам айту қиын дейді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 893 мың адам екпе алған. Жоспарлы меже бойынша, Үкімет сәуір айының соңына дейін 2 миллион адам егіледі деген еді.

Елде ауырғандар саны 361 мыңнан асты. Оның 99 мыңы осы көктемде  тіркелді. Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 48-орында тұр.

«The Qazaq Times»