Көктемгі елу күнде Қазақстанда 79 мыңға тарта сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне 20 күн болды. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 18 сәуір коронавирус жұққан 2719 адам, ал 17-сі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 35 адам тіркелді. Қазір елде 38 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 38 218, U07.2 немесе КВИ- бойынша 402) ауырып жатыр.
#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (665) мен астанада (436) тіркелді. Бұдан өзге төрт бірдей өңірде: Алматы (251), Қарағанды (220), Ақтөбе (206) және Батыс Қазақстан облысында (205) аурушаңдық қарқын алды. Одан кейінгі қатарда ең көбі – Шымкент (114), Ақмола (110), Атырау (98) облысында. Өткен тәулікте аурудан айыққан 1773 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге сенбі жиыны 22 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 17 сәуір ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 35 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Жамбыл (9) облысы, астана (8) және Алматы (5) облыстарында көбірек тіркелген. Сонымен қоса, 87 адам айығып шыққан, өкініштісі бір адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 38 620 науқастың 14 мыңы ауруханада, 24 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 674 науқастың жағдайы қиын, ондағы 176 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 99 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан Қостанай мен Түркістан облыстары «жасыл аймақта». ШҚО, Қызылорда және Павлодар, Маңғыстау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары «сары», ал Атырау, БҚО, Ақтөбе, Қарағанды облыстары, Алматы, Шымкент қалалары мен астана «қызыл аймақта» тұр.
Үкімет мүшелерінің мәліметінше, геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2,5 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айының екі жарым аптасында табылған кейстер саны – 44 мың сырқат және 391 өлім жағдайы. Бұл тұтас наурыз айынан әлдеқайда артық. Жалпы көктем туғалы 79 мыңға жуық (КВИ+ 76 мың, КВИ- 2,5 мың) науқас анықталды, 757 адам (КВИ+ 634, КВИ- 123) өмірден қайтты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 290 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 52 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 341,5 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 5,7 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3406, КВИ- / U07.2 – 751, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 695 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы дозасын алған.