Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья сәрсенбі кнгі ОртКом брифингінде қазақстандық вакцинаны тоғыз ай бұрын салдырған ғалымдардың иммундық қорғанышы әлі күнге дейін жоғары деп сендіреді.

Қазір института 25 мың адамға арналған 50 мың доза дайын, биологиялық бақылау-зерттеуден өтіп жатыр. Олар  25-27 сәуір аралығында СК-Фармация операторының қоймаларына жеткізілмек. Бұған дейін вице-премер Ералы Тоғжанов отандық екпе Қазақстанда жасалғанымен Түркияда флаконға құйылатынын мәлімдеген еді. Закарья мұның себебін өзінше түсіндіргендей болды.

– Институттың мақсаты – вакцинаны жасап шығару. Бүгінде зауыт әлі жоқ. QazVac ІІ патогенді топқа жататын инактивті вирустан жасалады. Бұл санаттағы вируспен қала не мегаполисте жұмыс істеуге болмайды. ...Ал Спутник V екпесінің технологиясы SarS-Covid вирусынан емес, оның ішіндегі шағын мөлшердегі ақуыздан дайындалады. Оны тасымалдайтын аденовирус, бұл IV топқа жатады. Үлкен көлемдегі вакцинаны құтыға құятын өндіріс орны жоқ, – деді.

Бірінші және екінші фазалардың қорытындысы бойынша, QazVac жайлы ғылыми мақала дайын. «Бұл рейтингі өте жоғары ғылыми 76 басылымға жіберілді. Журналдардың дәйексөзге алыну индексі 70-тен жоғары» деді институт басшысы.

Білім вице-министрі Мирас Дәуленов QazVac әлемде әзірленіп жатқан 260-тан аса вакцинаның арасында клиникалық зерттеудің үшінші фазасына жеткен 14-інші екпе екенін айтады.

«244 еріктіге жүргізілген клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші кезеңі қорытындыланып жатыр және 15 сәуірде 3 мың ерікті қатысқан үшінші фазаның 50%-ы аяқталады. Клиникалық зерттеу хаттамасына және ДенМин талаптарына сәйкес әр фазаға жарты жылдай уақыт керек», – деді Дәуленов.

Редакция тілшісі Күнсұлу Закарьядан адамның бір жылда екі бірдей вакцинаны салдыруға ғылымның жауабы туралы сұрады.

«Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Қай вакцинаны алса да әр адамның өз еркі. ...Жылма-жыл тұмауға қарсы екпе аламыз. Уақыт өткеннен кейін әртүрлі вакциналарды егуге болады. Тек бір мезгілде бірнеше түрін салдыруға болмайды. Арада уақыт өтуі керек», – деді.

Ашық деректерге қарағанда, Спутник V екпесі туралы 2 жыл бойы антидене түзіп, вирустан қорғай алады деген болжам бар. Институт жетекшісінің айтуынша, иммундық жауапты бірер жыл бақылау қажет, әзірге нақты айту қиын.

«Қазақстандық вакцина жайлы толық ақпаратты ІІІ фазаның (9 шілдеге жоспарланған) соңында ғана айтуға болады. Дегенмен бастапқыда вакцина алған ғалымдардың иммундық жауабы 9 ай бойы жоғары болып тұр», – деді ол.

Жыл басында, 25 қаңтар күнгі үкімет отырысында қазақстандық QazCovid-in вакцинасы сынақтан сәтті өтсе, «отандық вакцинаны салдыратынын» мәлімдеген президент Тоқаев кенет сәуірдің 6-сы (елде вакцина тапшы кезде) ресейлік шикізат негізінде Қарағандыда өндірілетін Спутник V екпесін алғаны хабарланды. Тоқаевтың тосын әрекеті қоғамды қалың күмәнға салды. Жалпыхалықтық вакцинация науқаны жолға қойылмай тұрып, екпе қоймасы там-тұмдап тұрған сәтті уәделі қазақстандық вакцинадан айнып, ресейлік екпеге иек артуын жұрттың бір бөлігі Мәскеу ықпалымен байланыстырды. Осыдан кейін Ақорда хатшысы Берік Уәли «президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті» екенін жеткізген. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мен дәрігерлер тек бір вакцинаны егу қажеттігін айтады.

"The Qazaq Times"