Джо Байден мен Владимир Путин АҚШ-Ресей байланысын талқылады. Байден ресейлік әріптесіне екіжақты саммит өткізуді ұсынып, Донбасс мәселесінде Украинаның тұтастығы мен егемендігін қолдайтынын айтқан.
Сонымен қатар, Ақ үй басшысы Украина мен Ресей шекарасындағы қақтығысқа алаңдаушылық білдіріп, Кремльді жағдайды ушықтырмауға шақырды. Украина дағдарысы сөз болғанда, Владимир Путин саяси мәселені реттеудің «минскілік» әдісін баяндаған. Ал Кремль хабарламасында Украина төңірегіндегі дау «ішкі мәселе» деп жазылған.
Қазір Ресейдің тұрақсыздандырушы әрекеттері Украинаның шығысындағы шиеленісті ушықтыра бастаған. Наурыздың соңында Тhe New York Times газеті Мәскеудің Украина шекарасына 4000-ға жуық әскер жібергенін жазды. Басылымның мәліметінше, Ресей 23 наурызда аяқталған әскери жаттығулардан кейін Украина шекарасына жақын аймақтан әскер шығармағандықтан, АҚШ пен Еуроодақ бұл жағдайды қатаң бақылауға алған. Себебі шекараға әскер жіберу – мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде Ресей Брянск, Воронеж және Ростов облыстарына, аннексияланған Қырымға да әскерилер жіберіп жатқандығы туралы хабарламалар жарияланды.
Биыл ақпанның соңынан бастап Донбаста атысты тоқтату туралы келісім өрескел бұзылып, Ресей-Украина қақтығысы қайта бағыт алды. Екі жақта да қаза тапқандар бар.