Ұйғыр мәселесіне байланысты Түркияның Сыртқы істер министрлігі Қытай елшісі Лю Шаубинді жауап беруге шақыртқан. Бұған Қытай елшісінің мәлімдемесі себеп болған. Елші Лю мәлімдмесінде  1990 жылы ұйғырларды қудалау оқиғасының 31 жылдығын атап өткен түркиялық саясаткерлерге ресми жауап беріп, айыптаған.  

Түркиялық саясаткерлер арасынан оңшыл партия мүшесі Мерал Акшенер мен елдегі негізгі оппозициялық партияның – Республикалық Халық партиясының мүшесі, Акнара қаласының мэрі Мансур Ябас Шыңжаңда ұйғырдың 1990 жылғы көтерілісіне байланысты пікір білдірген. Мерал Акшенер өзінің «Твиттер» парақшасына: «Біз олардың қудаланғаны мен шаһид болғаны туралы үнсіз қала алмаймыз», – десе, Ябас: «Біз 1990 жылғы қырғынның зардабын әлі күнге дейін сезінеміз», – деп жазған.

Түрік саясаткерлерінің сөзіне Қытайдың Түркиядағы елшілігі де «Твиттерде» жауап берді. «Қытай кез-келген жолмен Қытайдың егемендігі мен территориялық тұтастығына қарсы шығуға тырысатын кез-келген күшке үзілді-кесілді қарсы тұрады және біз мұны қатаң айыптаймыз» делінген Қытай үкіметінің мәлімдемесінде. Сондай-ақ: «Қытай тарабы жауап берудің заңды құқығын сақтап отыр», – деп мәлімдеген.

Осыдан кейін Қытай елшісі Лю Шаубин Түркия Сыртқы істер министрлігіне  шақырылды.

Күмәнді түрік-қытай қатынасы

Қытай Түркиямен «ұстап беру» туралы келісімді ратификациялағаннан кейін Түркияда тұратын ұйғырлар тарабынан түрік билігі айыпталған болатын. Түркиядағы ұйғырлар бұл келісім оларды Қытайға ұстап беруге және түрлі айыптар тағып қамауға алуға жол ашады деп алаңдайды.

Өткен айда Қытай сыртқы істер министрі Уаң И Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровпен кездескеннен кейін бірден Түркияға аттанған. Оның бұл сапары кезінде де Түркиядағы ұйғырлар тарабынан наразылық шаралары өткен.

Көп санды түркиялықтар ұйғырлардың жағдайына бей-жай қарамайтынын байқатады. Ондаған жылдар бойы 40 мыңнан астам ұйғыр Түркияға пана сұрап барған. 2009 жылғы 5 шілде оқиғасына байланысты Түркия тарабы ұйғырлардың құқығын бірінші болып талап етті және президент Ердоған Қытайды геноцидпен айыптаған. Бұл Бейжіңнің ашу-ызасын тудырған еді.

Соған қарамастан, соңғы жылдары Түркия мен Қытай қатынасы айыпқа да ұшырауда. Халықаралық қауымдастық Шыңжаң мәселесіне алаңдаушылық білдірген тұста Бейжің мен Анкара арасындағы кейбір келісімдер Батысқа да ұнай бермейді. Батыстық кейбір ақпарат құралдары 2013 жылдан бері Түркиядан көптеген ұйғыр азаматтардың ұсталып, Қытайға өткеріліп берілгені туралы жазған болатын.

“The Qazaq Times”