Мәдениет басқармасына қарасты «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының басшысы Сәкен Майғазиев МузАрт тобының бюджеті 30 млн теңге болатын концертін өткізуге қол қойған.

Наурыз мейрамында Шымкент қаласының Түркістан сарайында «МузАРТ-қа 20 жыл: МузАРТ әсем әндерін әнші достарымен бірге шырқайды» деген атаумен концерт өтті. Шараны Наурыз мейрамы аясында сол топтың белді мүшесі Сәкен Майғазиев ұйымдастырған. Ол басқаратын қалалық мәдениет үйі жеке компанияға бір көзден сатып алу тәсілімен ән кешін өткізуге тапсырыс берген.

Тараптар келісімшартының сипаттамасы. Фото-скрин: www.goszakup.gov.kz

Мегаполистегі мәдениет үйінің жетекшісі Сәкен Майғазиев пен «Сапфир Медиа» компаниясы директоры Анель Бәденова 20 наурыз келісім-шарт жасасқан. Пандемия кезіне қарамастан ұйымдастырылған шараға мемлекет қаржысынан 30 млн теңге жұмсалған. Кешке танымал әншілер шақырылған.

ЭҚОЖ (Экономикалық қызметтің барлық түрлерінің ортақ жіктелімі – QT) тізбесінде жекелеген қызметтер және мәдениет саласында білім берумен айналысатын «Сапфир Медиа» ЖШС ашық конкурссыз, яғни бір көзден сатып алу арқылы «өнім беруші» тарап ретінде танылған. Бұл компанияның иесі – 23 жастағы Бәденова Анель Сырымқызы. Uchet.kz контрагенттер сервисіндегі деректерге қарағанда,компания құрылған 6,5 жылда салық алымдарына 640 мыңнан сәл аса қаржы төлеген.

«Сапфир Медиа» ЖШС-нің 2014-2021 жылдар аралығында салық алымы. Фото: pk.uchet.kz

Бір қызығы, мамандар миллиондаған қаражатқа негізделген лот мемлекеттік сатып алу порталынан жоғалып, кейін қайта көріне бастаған. Сондай-ақ, концерттің техникалық сипаттамасы толық жазылмаған. Мәселен, кешке кімдер және неше кісі қонаққа шақырылады, оларға берілетін гонорар, көрермендердің саны, төрт рет концерт қойылатыны туралы бір де бір мәлімет қамтылмаған.

Концертті өткізуге арналған лоттың техникалық сипаттамасы. Фото-скрин: www.goszakup.gov.kz

Кеш себепкері МузАРТ тобының құрамындағы әнші Сәкен Майғазиев шарадан кейін Instagram желісіндегі парақшасында құзырлы орган басшыларына алғысын білдіріп, ағынан жарылды.

 «Сіздер мен біздердің қауышуымызға себепкер болған, барлық санитарлық талаптарды сақтап мүмкіндік берген Шымкент қаласы әкімдігіне, Шымкент қалалық бас санитарлық дәрігер Әбдіманап Қошқарұлына, денсаулық сақтау департаментіне, полиция қызметкерлеріне, тәртіпке бағынған қалың көрерменге алғысымыз шексіз. Бейбіт елдің ашық аспанында әуезді ән әуелей берсін», – деп жазды әнші-шенеунік.

МузАРТ тобының концертінде топ мүшесі Майғазиев сөйлеп тұр. Фото: Сәкен Майғазиевтің Instagram желісіндегі парақшасынан

Редакция тілдескен «Сапфир Медиа» компаниясының заңды өкілі Сағди Айсынов наурыздың 21 және 22-сі күндері МузART тобы төрт бірдей кеш өткізгенін айтады.

«Порталда техникалық қате кеткен болуы мүмкін. 30 млн теңгенің бәрі МузART-қа бөлінбеген, ән кешіне шамамен 15 млн қаржы жұмсалды. Басқасы түрлі шараға, мәселен «Қазақ радиосының 100 жылдығын» атап өтуге 5 млн, белгілі сазгердің кешіне 2 млн қарастырылды», – деген ол қазір іссапарда жүргенін айтып, келесі апта қаржының есебін жолдауға уәде етті.

Оның сөзінше, компанияның есеп шотына әлі ешқандай қаражат аударылмаған.

«26 наурызға дейін Опера театрының қолданылысында болғандықтан лед экран, қосымша құрылғылар мен декоративті көрнекі материалдарды жалға алды. Мейрам қарсаңында әдеттегідей әуе, теміржол билеттері қымбаттап кетті. Он шақты кеш қонақтарының жол-пұлы, гонорары, жатын орны, жүріп-тұрысының шығынын көтердік»

Мемлекеттік сатып алуды зерттеп жүрген тілші Мият Кәшібай кез келген мүдделер қақтығысы орын алуы ықтимал жағдай бойынша мұндай фактілердің жіті тексерілуін және құжат пен іс қабысу қажеттігін алға тартады.

«Елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бар. Соның 15-бабында мүдделер қақтығысы жайлы айтылған. Ал мен бұл жоғарыдағы келісім шарттан мүдделер қақтығысын байқап отырмын. Сәкен Майғазиев өзі ән айтатын топтың концертін өткізу үшін өз басқаратын мекемеден ақша бөліп отыр. Өзі сол концертте өнер көрсеткені тағы бар», – деп жазады журналист Facebook желісіндегі парақшасында.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның 6-бабы Мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер» – QT) бойынша, мүдделер қақтығысына жол беруі мүмкін жағдайда тараптар сол жобаға қатысты жұмысын тоқтатуы тиіс.  Zertteu-Research қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет назар аудару үшін заңнан үзінді келтіреді.

1-тармақ. Әлеуетті өнім беруші, егер:

1) осы әлеуетті өнім берушінің бірінші басшыларының және (немесе) осы әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаттары өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін мемлекеттік сатып алуда тапсырыс берушінің немесе мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өкілі болып табылса;

2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның жұмыскері және (немесе) оның үлестес тұлғасы тапсырыс берушіге не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға өткізілетін мемлекеттік сатып алуды дайындау бойынша сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де қызметтер көрсетсе, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуын қоспағанда, өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын объектінің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

Әлеуметтік желілерде онсыз да БАҚ беттерінде жарияланып, телеарналарда мерейтойлық концерттер мен мемуарлық деректі фильм  беріліп жатқанда «концерт үстіне концерттің не қажеті бар» деген сауал жиіледі. Расында да 21 наурыз Almaty TV арнасы «МузАРТ» тобына 20 жыл» деген тақырыпта 46 минутқа шақталған деректі фильм ұсынды. Наурыздың 24-і «Хабар» арнасы да «МузАрт» тобына 20 жыл» телевизиялық концертін берді. Бір апта бұрын жазылған 2,5 сағаттан асатын кеште 30-дан астам белгілі эстрада әншілері мен топтары өнер көрсеткен.

Бұған дейін Наурыз мейрамына орай 60 млн теңгеге өткізу жоспарланған Шәмші Қалдаяқов әндері іс-шарасы кейіннен тоқтатылған. Бірақ әнші-шенеунік қатысатын кеш жалғасын тапты. Шымкент қаласы әкімдігінің Наурыз мейрамын тойлауға арналған іс-шаралар жоспары мен оған жұмсалған қаржы көлемі қоғамда дау туғызған. Дегенмен наурызнамалық мәдени шаралардың басы-қасында жүрген әкім орынбасары Шыңғыс Мұқан мен мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есен және даулы шараларға қол қойған Сәкен Майғазиев мемлекеттік сатып алу саласының тәуелсіз сарапшысы мен журналистердің сұрағына құжат дәйектермен тұщымды жауап бермеді.

“The Qazaq Times”