Ресейде орын алған ірі саяси жағдайлардан кейін Кремльге Еуроодақтың ғана емес, Американың да позициясы өзгере бастады. Экономикалық санкциялар құрсауында қалған Ресей үшін Брюссельде жаңа стратегия жүзеге аспақ. Ал авторитар билік ұстанған агрессиялық саясаттың еуроатлантикалық аймаққа әсерінен қауіптенген НАТО елдері бұл жолы ресейлік вектордың бағытын қайта қарамақ. Демек, алдағы уақытта Батыс саясатынан қандай да бір өзгерістер күту керек пе?
Жақында Еуропалық одақ Ресеймен саяси қатынастар туралы стратегиялық пікірталас жүргізбек. Бұл мәселені Еуропа тарапы АҚШ президенті Джо Байденмен де талқылайды. Бұл стратегиялық пікірталастың кульминациясына 25-26 наурызда Еуроодақ саммитінеде нүкте қойылуы керек еді. Бірақ Covid-19 штамдарының артуына байланысты Еуропалық Кеңестің басшысы Чарльз Мишель мемлекет және үкімет басшыларының бейнеконференциясын өткізу туралы шешім қабылдады.
Бейнеконференция қарсаңында Мишель Владимир Путинге бір шарт қойды: егер Ресей Минск келісімдерін орындауда нәтиже көрсетсе, Батыс елдеріне қарсы гибридті және кибершабуылдарды тоқтатып, адам құқықтарын сақтау принципіне бағынса ғана Еуроодақ Ресейге қатысты ұстанымын өзгертеді.
Сонымен, 25 наурызда одаққа мүше елдердің басшылары Ресейге қатысты саяси ұстанымдарын ішінара деңгейде және Ақ үй басшысы Джо Байденмен бірге талқылайды.
Еуропадан алыстап, Қытайға бет бұру
Ақпанның басында ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррел Мәскеуге сапарлай барды. Кейін Сыртқы істер министрлері ЕО Кеңесінің отырыстарында Ресеймен қарым-қатынасты жиі талқылай бастады. Еуроодақ өкілі бұл жөнінде: «Ресей ЕО-ға қарсы ұстанымды таңдағаны анық. Ресейде де, Шешенстанда да, одан тыс жерлерде де адам құқықтары күннен күнге тапталып жатыр. Ресей билігі бұл мәселелерді шешуге құлықсыз екенін көрсетті. Яғни Ресей авторитарлық мемлекет бағытын таңдап, Еуропадан алыстап бара жатыр. Еуропа бұдан қорытынды шығаруы керек», – деді.
Бір қызығы, Батыс елдері Бейжің мен Мәскеуге адам құқықтарын бұзып, билікті сынағандарды қудалаған үшін санкция салып жатқан тұста Қытай және Ресей сыртқы істер министрлері кездесті. Олар мәлімдемесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің саммитін өткізуге шақырды. Осылайша, жаһандық теке-тірес Қытай мен Ресейді өзара одақтас болуға итермеледі.
Ұзақ уақыттан бері Қытай мен Ресей ортасында саяси-әскери одақтың құрылуы туралы түрлі пікірлер таласты күйде келе жатқан. Екі ел арасындағы сенімсіздік және одақтасуға мүмкіндік бермейтін бірқатар мүдде қайшылықтары туралы да сайтымызда көлемді сараптамалар жазылған болатын. Дегенмен, АҚШ бастаған Батыс елдерінің демократияға қарсы Бейжің мен Мәскеуге бағытталған шектеу, тежеу шаралары бұл екі өңірлік бақталас елдің өзара ынтымақты тереңдетуіне түрткі болғандай.
Батыстың Ресейге қатысты 5 қағидасы
2016 жылы Ресей Қырымды аннексиялауы Украинаның одан әрі тұрақсыздануына әкеп соқты. Әлем елдерінің назарын аударған оқиғадан кейін АҚШ пен Еуроодақтың Ресейге қатысты принциптері өзгерді. Бірінші кезекте Минск келісіміне қол қойылды.
Еуропа үшін ресейлік вектордың екінші қағидаты ретінде «Шығыс әріптестігі» және Орталық Азия елдерімен байланысты нақтылау болды. Стратегияның үшінші тармағы – Еуроодақтың қауіп-қатерлерге, атап айтқанда, энергетикалық қауіпсіздік немесе гибридтік соғыс мәселелеріне тұрақтылығын күшейту. Ал соңғы тармақ Ресей Федерациясындағы азаматтық қоғамды қолдау, адам құқықтары мәселесіне бағытталған.
Еуроодақ үшін Ресейге қатысты бірыңғай ұстанымның жоғын ескерсек, жоғарыда аталған бес қағидат мына тармақтармен толықтырылуы тиіс: Ресейдің халықаралық және адам құқықтарын бұзу әрекеттеріне қарсы шаралар қолдану; ЕО-ға қысымды күшейтуін тежеу.
Кей саясаттанушылардың пікірінше, Еуроодақ басшылығының ұстанымы Путин үшін ерекше рөл атқармайды. Яғни Ресейге қарсы агрессивті саясат жүргізу үшін оның қаржылық мүмкіндіктері, қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз. Сондықтан да Еуроодақ бірыңғай ішкі позициясын нақтылауы тиіс.
Санкция құрсауында
Скрипальдар мен Кремль сыншысы Навальный уланғаннан кейін АҚШ Ресейге қарсы санкцияның жаңа легін бастады. Еуроодақ та қарап қалған жоқ. Ал АҚШ Ұлттық барлау қызметінің Ресейге қатысты баяндамасы жария болғаннан кейін, Мәскеу кезекті мәрте санкция астында қалды. Джо Байденнің Путинді «қандықол» деп есептеуі де Америка-Ресей байланысына сызат түсірді.
18 наурызда АҚШ Сауда департаменті Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипаль және Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресеймен сауда-саттықта жаңа шектеулерді қатайтты. Оған сәйкес, АҚШ ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар тауарлар мен технологиясын Ресейге экспорттауды тоқтатады. Мәселе қорғаныс саласында қолданылатын өнімдер мен түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін тауарлар жөнінде болып отыр. Соның салдарынан Ресейдің авиация және ғарыш саласы ірі мәселеге кезігуі мүмкін.
Скрипальдар отбасы уланғаннан кейін Америка билігі химиялық қаруға тыйым салу туралы 1991 жылы қабылданған заң аясында екі санкция салған. Навальныйдың улануына байланысты былтыр тамыз айында және биыл наурыз айында соған ұқсас шаралар қолданылды. Қара тізімге бірқатар жеке және заңды тұлғалар енген, арасында ресейлік ғылыми институттар да бар.
Өз кезегінде Кремльдің АҚШ пен Еуроодақ ұстанымдарына қатысты реакциясы да таңқалдырған жоқ. Бұл жолы да Ресей өз тарапына бағытталған күдіктер мен мәлімдемелерді түбегейлі жоққа шығарып, санкция құрсауында қалған серіктесі Қытайға бет бұра бастады.