АВС телеарнасындағы сұхбаттан кейін Путин Байденді диалогқа шақырды. Бірақ Ақ үй бұл ұсынысты әлі қабылдаған жоқ.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки: «Екі президенттері бұған дейін келіссөздер жүргізді десек те болады. Джо Байденнің басқа да маңызды кездесулері бар. Әрине, біз барлық тарапқа бірдей көзқарас ұстанамыз. Бірақ Владимир Путинмен жақын арада даилог жүргізіледі деп айта алмаймын», – деді.
Осы аптада америкалық АВС телеарнасына сұхбат берген Джо Байден «Сіз Путинді қанішер деп есептейсіз бе?» деген сұраққа «Иә!» деп жауап берді. Сұхбатта Мәскеудің 2020 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқаны жайлы баяндаған америкалық барлау қызметінің есебі сөз болған. Байден егер Ресейдің сайлауға араласқаны расталса, оның арты жақсылыққа апармайды деп Путинге ескерту жасады. Аталған сұхбаттан кейін Ресей Уашингтондағы елшісін Мәскеуге қайтарды.
Ал кеше мемлекеттік «Россия-24» телеарнасы жүргізген трансляцияда Путин Байденнің мәлімдемесіне байланысты әрбір адам өзге адамнан өз бейнесін көреді деп айтқан. «Америкалық әріптесімнің мәлімдемесіне келсек, ол айтқандай біздің шынымен де жеке таныстығымыз бар. Оған енді не дейін? Мен оған «деніңіз сау болсын» деп айтар едім. Бала кезде аулада бір-бірімізбен дауласып қалған кезде айтушы едік: «Кім біреуді жаман атпен атаса, өзі сол атқа лайық». Және бұл жәй балалар аузындағы мәтел немесе қалжың емес», – деді.
Путин, сондай-ақ АҚШ-ты отарлау мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Жапонияны бомбалау, АҚШ-тағы әлеуметтік мәселелер, оның ішінде Black Lives Matter қозғалысы төңірегіндегі мәселелерді атап өткен.