Беларусь президенті Александр Лукашенко ел Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі комиссия жұмысының басталғанын хабарлады. Сонымен қатар, ол митинг кезінде Белаурсь билігі жүргізген саясатқа оң баға берді.

«Конституциялық комиссияның қызметі жариялы және ашық сипатта болуы тиіс. Қолжетімділіктің болуы халықтың сенімін арттырады. Сондықтан Конституциялық комиссияның басты міндеті – негізгі заңға ұсынылған түзетулерді кеңінен талқылауды ұйымдастыру», – деді Лукашенко.

Осы тақырып аясында жүргізілген сауалнамада қатысушылардың 65%-дан астамы Конституцияны өзгертуге қарсылық білдірген.

Лукашенконың айтуынша, өткен жылғы оқиғалар, президенттік сайлаудан кейін басталған наразылық акциялары елдегі әлеуметтік-саяси жүйенің тұрақтылығын көрсеткен. «Барлық белорустар өздерінің бейбіт өмірін, егемендігін жоғалтуы мүмкін екенін түсінді. Бұл – біздің қоғамдағы басты құндылық. Осы құндылықтардың кепілі мықты билік және біздің өмір салтымыз, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін қорғайтын халық екенін уақыт көрсетті», – деді ол.

Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі комиссияны құру туралы шешім ақпанда VI бүкіл Беларусь халық жиналысында қабылданған. Комиссия өз жұмысын 15 наурызда, Беларусьте Конституция күні атап өтілетін кезде бастамақ. Комиссия құрамына мемлекеттік органдар, заң, қоғамдық бірлестіктер, экономика сынды әртүрлі салалар мен әлеуметтік саланың өкілдері кіреді.

Былтыр қарашада Александр Лукашенко жаңа Конституция қабылданғаннан кейін биліктен кетуге уәде берген. Бұл жөнінде ол: «Мен өзім үшін ешқандай Конституция жасамаймын. Сондықтан, сабыр етіңіздер. Біздің Конституция жоғары маңызға ие. Қазақстан, Ресей және біз қатаң Конституциясы бар үш озық мемлекетпіз, мұнда барлығы президенттің шешіміне байланысты. Мен жеке билігімді емес, елдің болашағын ойлаймын», – деді.

Ол Конституцияға түзетулер енгізуді және ондағы Республика президентінің өкілеттіктерін түзету керегін атап өтті. Сонымен қатар, «Еуропаның соңғы диктаторы» демократияны айналып өткен жоқ. «Демократия болсын дейсіңдер. Біз мұны Горбачев кезінде өттік. Біз барлығын – кәсіпорын басшыларын, директорларды сайладық. Ал нәтиже не болды? Ел жоғалып, Одақ құлады. Қазір бізге осы керек пе?», – деді Лукашенко.

Беларусь Конституциясына түзетулер енгізуді Лукашенко бұрыннан айтып жүрген. Қазанда ол оппозиция жетекшілерімен Конституцияға енгізілген түзетулерді талқылаған. Бұл талқыға 11 адам қатысты, оның ішінде Белгазпромбанктің бұрынғы басшысы Виктор Бабарико және оның ұлы Эдуард Бабарико, Үйлестіру Кеңесі Президиумының мүшесі Лилия Власова және оппозициялық штабтың үйлестірушісі Юрий Воскресенский.

Кездесу орны ерекше болды: оппозиция жетекшілері тергеу изоляторында болғандықтан, Лукашенко бұл тақырыпты сол жерде талқылады. Беларусь президенттігіне экс-кандидат Светлана Тихановская негізгі заңды яғни Конституцияны өзгерту идеясын қолдамады. «Бұл арқылы Лукашенко билік ету мерзімін ұзартпақ» деген Тихановская президентпен кездесуден бас тартты.

"The Qazaq Times"