Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2020 жылғы коронавирус пневмониясының статистикасында 19 мың жағдай артық тіркеліп кеткен.

Президент Тоқаев статистика қолдан кемітілді әрі жасырылды дегенімен, министрлік керісінше кейстердің артық еніп кеткенін айтады. Сәрсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы 19 мың жағдай ақпараттық жүйеге техникалық ақаудан енгізілгенін мәлімдеді.

«Тексеріс, талдау жүріп жатыр. Қазіргі таңда КВИ- (коронавирус пневмониясы – QT) бойынша алдын ала қорытынды мәлімет бар. Ақпарат жүйелері мен науқастардың ауру тарихын ақтарып, талдағаннан кейін әзірге былтырғы 19 мың жағдайдың артық есептеліп кеткені анықталып отыр. Коронавирус пневмониясы алғаш тамыз айынан тіркей бастаған кезде бір пациент бірнеше рет жаңа жағдай ретінде есепке алынып отырған. 3-4 мәрте медицина мекемесіне жүгінген науқастың әр жолғы келісі жаңа ауру жағдайы болып жазылған. Біз науқстардың ЖСН және диагноз дерегін қайта зерделей келе КВИ- аурушаңдығы кеміді. Биыл 1 қаңтардан бастап ақпараттық жүйе жетілдірілді. Қазір сәйкестендіру нөмірлерімен қатаң түрде тексеріп әрі ауру дамуының мерзімімен салыстыра отырып, дерт туралы дерек дер кезінде берілуде», – деді ол.

Оның айтуынша, өлім-жітім бойынша деректерді әр медициналық ұйым өзі жүргізеді.

«Бұл жұмыс наурыз айының аяғына дейін жалғасады. Былтырғы жылдық есеппен қоса аурушаңдық пен өлім-жітім бойынша түпкілікті қорытынды жарияланады», –  деп түйіндеді Ажар Ғиният.

Соңғы дерек бойынша, былтырғы 1 тамыздан бері Қазақстанда 49 418 адам коронавирус дертіне шалдығып, оның 635-і қайтыс болған. Бүгінге дейін 43 мыңға жуық адам ауруынан айығып шыққан.

Былтыр 17 шілдеде Тоқаев коронавирус статистикасын біріздендіруге міндеттеген. «Ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс» деп, министрлікке статистиканы «біріздендіруді» тапсырған. Алайда министрлік аймақтардағы мамандар мен жүйені дайындаймыз деген уәжбен тіркеу жұмысын 1 тамызға қалдырды. Тәуелсіз сарапшылар мұны үкіметтің «маусым-шілде қырғынының» қарқыны басылғанын күткенімен байланыстырады.

Тоқаев түйреп тапсырса да ресми есеп уақытылы жүйеленбеді, редакцияның ұзақ айлар бойғы талабынан кейін статистикадағы бірқатар өрескел қателіктер түзетілді.

Кейіннен президент 16 қараша «бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген. Тіпті ол мұны «өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс» деп сипаттады. Сондай-ақ, «аталған проблеманың денсаулық сақтау жүйесінде де созылмалы сипат алғанын мойындау керек» деп, жағдай «өтірікпен жасырылғанын» ашық айыптады. Десе де министрлік пен өңір әкімдері статистикаға дер кезінде енбеген жүздеген науқастың дерегін «жүйенің жетілмеуі, техникалық қателік, жүктеме ауыртпалығы мен маман тапшылығынан» көріп, «солай болып қалдыға» келтірді.

Президент сынынан кейін ешбір шенеунік жауапқа тартылған жоқ. Арада екі ай уақыт өткен соң, Тоқаев 26 қаңтардағы сөзінде статистикадағы олқылықты үшінші рет сынады. Ол басшылардың «рейтинг жолында аянбағандықтан әрі жазадан қорқақтауы себепті нақты жағдайды жасырады» деді.

Осы жолы үкіметке «барлық өңірлер мен елдің жас ерекшелігі бойынша сырқаттанушылықтың нақты көрінісін беретін сенімді статистикалық зерттеуді» қолға алуды тапсырған. Тұрақты түрде жаңарып отыратын жобаны іске асыруға бір ай мұрсат берген. Дегенмен вице-министр Ажар Ғиниятқызы бұған екі ай кететінін хабарлады.

Былтыр тамыз айына дейінгі пневмония ауруы күрт көбейіп, алдыңғы жылдарға қарағанда 3 есеге артқан еді. Дәрігерлер мен сарапшылар 256 мыңнан асқан жағдайды қайта қарап, арасынан коронавирустық түрін ажыратып, шынайы статистика жүргізуді талап еткен, тіпті «сүзгілеудің» тиімді жолын да ұсынған. Алайда Алексей Цой бастаған ведомство басшылығы жұмыстың техникалық жағынан қиындығын алға тартып бұдан бас тартқан. Бір қызығы – жарты жыл ішінде пандемияның ақиқатын көрсететін статистикаға уақыт пен энергия таппаған министрлік ауру санын кемітуге келгенде екі айда көп шаруаға үлгеріпті. Министрлік үшін әдетте 90 мыңнан аса қоймайтын пневмонияның бірден 256 мың кейске өсуі мен оған коронавирустың әсері мәселесінен гөрі өздері жүргізер бұрын апталап дайындық арнаған КВИ- есебіндегі кемшілік маңызды.

"The Qazaq Times"