АҚШ ауған жерінде 19 жыл соғысты. Ресми мәлімет бойынша 2400-ден астам жауынгерін жоғалтты. АҚШ тарихындағы ең ұзақ осы соғыста Құрама Штаттар 1 триллион долларға жуық шығын шығарды. Ең қызығы жақында Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі арнайы бас инспектор (SIGAR) АҚШ Конгресіне мәлімет беріп, Ауғанстандағы қайта құру жобаларына бөлінген қаржының басым көбі желге ұшқанын ескертті.

2001 жылдың соңында Құрама Штаттар Ауғанстанға әскер кіргізді. Ал, келесі жылдан бастап Ауғанстандағы қайта құру жобалары үшін қаржы бөле бастады, бұл былтыр жыл соңына дейін жалғасты. 2002-2020 жыл аралығында қайта құру жобаларына 143 млрд АҚШ доллары бөлінген, кейін осы бөлінген қаржыны жымқыру, алаяқтық, бұрламау істері байқалып, оны қадағалау үшін 2008 жылы SIGAR-ды құрған. Бұл агенттік жылдың әр тоқсанында Конгресс алдында есеп беріп отыруға міндетті-тін.

1 наурыз күні Конгресс алдында есеп берген SIGAR жетекшісі Жон Сопко миллиондаған америкалық салық төлеушілердің қалтасынан алынған қаржының кейбір бөлігі пайдасыз жобаларға жұмсалғанын жайып салды.  Оның есебінше, 2008 жылдан бері мектеп, аурухана, қонақ үй, түрме, жол, көпірлер мен Ауғанстанның әскери құрылыстарын салуға, қаржыландыруға немесе субсидиялауға шамамен 7,8 миллиард АҚЩ доллары жұмсалған. Бұның көбін, 6,5 млрд долларын АҚШ Қорғаныс министрлігі бөлген.

Осы қомақты қаржының басым көбі соғыстан зардап шеккен ел мен оның үкіметіне еш керексіз жобаларға, жарамсыз немесе пайдалана алмайтын жобаларға текке жұмсалған. Айталық, Ауғанстан халқы мен үкіметі пайдаланбаған немесе тастанды актив ретінде салынған жобалар және жойылған, зақымдалған жобалардың құнының өзі 2,4 млрд АҚШ долларын құрайды. Агенттік есебіне қарағанда, бұл күнге дейін пайдаға асып, игілікке жұмсалып жатқан жобаның құны бар болғаны 343,2 миллон доллар ғана.

Бұл жағдайды Жон Сопко «Қисапсыз қаржыны өте қысқа мерзімде игеру қабілеті тым төмен елге салынған» деп бағалапты. АҚШ тарабынан қаржыландырған көптеген жобалар, құрылыс нысандары екінші тарапқа, яғни Ауғанстан үшін тиімді ме, жоқ па? Олардың бұны ұстап тұруға және пайдалануға техникалық мүмкіндіктері жете ме деген сұрақтарды қарастырмастан жасалған. Мол қаржы жұмсалған осы жобалардың дені Ауғанстан үшін жарамсыз, пайдалана алмайтын болып шыққан.

АҚШ 2002 жылдан бастап Ауғанстанның ресми билігімен ынтымақтастықты күшейтіп, дамуды жебеу үшін 143 млрд доллар жұмсады. Бұл қаржы соғыс болып жатқан елдегі тұрақтылықты нығайтады деп үміттенді. Бірақ, тұрақтылықтың бағасы одан да қымбатқа түсді. Былтыр Трамп үкіметі Ауғанстандағы ең ұзақ соғысты аяқтату үшін «Талибан» қозғалысы жетекшілерімен келісімге келді. Соның өзінде Ауғанстанда тұрақтылық орнаған жоқ. Ішкі диалог әлі де болса дағдарыстан шыға алмай отыр.

SIGAR Ауғанстанда қайта құруға жұмсалған қаржылардың өнімі туралы есеп беріп жатқан тұста, Ақ үй басшысы Жо Байден бұрынғы президент Дональд Трамптың тәліптермен келісімін қайта қарап жатыр. Себебі, ол келісім бойынша биыл мамыр айына дейін америкалық соңғы 2500 әскер Ауғанстаннан шығып кетуі тиіс. Бірақ, Ауғанстандағы тұрақтылыққа берген тәліптердің уәдесі де атқарылып жатқан жоқ. Жақында Ауғанстан бойынша АҚШ-тың арнайы өкілі Залмай Хализат Кабул мен Дохаға сапарлай барды. Бұл Ауғанстан мәселесінде жаңа өзгерістердің болатынын ишараласа керек.

“The Qazaq Times”