Мьянма президенті Вин Мьинге Конституцияны бұзғаны үшін айып тағылды. Reuters агенттігінің хабарлауынша ол үш жылға бас бостандығынан айырылады.

8 қарашада Мьянмада пандемияның екінші толқыны және осыған байланысты қолданыстағы шектеулер аясында парламенттік сайлау өтті. Нәтижесінде Аун Сан Су Чжи бастаған «Деемократия үшін ұлттық лига» билеуші партиясы жеңіп алды. Аталған партияның басты бәсекелесі саналатын әскери ынтымақтастық және одақты дамыту партиясы ел Парламентінде ең аз орынға ие болды.

1 ақпанда Мьянма әскери күштері бір жылға төтенше жағдай жариялады және президент Вин Мьин мен мемлекеттік кеңесші Аун Сан Су Чжиді қызметінен айырды. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды. Мемлекеттік төңкерістен кейін әскерилер кабинет мүшелерінің жаңартылған тізімін ұсынды.

Оңтүстік Шығыс Азия елін 50 жылдан астам басқарған Мьянма қарулы күштері 2015 жылы Аун Сан Су Чжи билікке келгеннен кейін де саяси және экономикалық ықпалын сақтап қалған.

2017 жылға дейін Мьянманың Ракхайн штатында бір миллион рохинджа мұсылмандары өмір сүрген. Бірақ халқының басым бөлігі будда дінін ұстанатын Мьянма оларды заңсыз иммигранттар деп, азаматтық беруден бас тартқан. Рохинджалар ұзақ жылдар бойы қысым көріп келе жатқандарына бірнеше рет шағымданған.

Сол жылы рохинджа әскерилері Ракхайн штатында бірнеше шабуыл ұйымдастырған. Сол жылы Мьянманың Ракхайн штатында әскерилер ислам дінін ұстанатын мыңдаған рохинджаны өлтірген. Аймақтан 700 мыңнан астам рохинджа Мьянмамен көршілес жатқан Бангладешке қашқан. Ел билігі Ракхайндағы әскерилердің әрекетін «ел тәуелсіздігіне қауіп төндіретін экстремистермен күрес» деп атады. Мьянманың бұл әрекеті бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Аун Сан Су Чжидің де беделіне нұқсан келтірді.

2019 жылы Африкадағы Гамбия елі Мьянманы «рохинджа мұсылмандарына геноцид жасады» деп айыптап, Гаагадағы сотқа шағымданды. БҰҰ Халықаралық трибуналы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемдегі үш оқиғаны – 1970 жылы Камбоджадағы мемлекеттік терроризмді, 1994 жылғы Руандадағы оқиғаны, 1995 Босниядағы Сребреница қырғынын – геноцид деп таныған.

"The Qazaq Times"