Мьянманың құқық қорғау органдары елдегі ахуалды жазған жапон журналисі Юки Китазумиді ұстады. Бұл туралы Kyodo агенттігі хабарлады.
45 жастағы журналист үйінің жанындағы Янгонда ұсталған. Сондай-ақ, полиция оның үйінде тінту жүргізіп, ұялы телефонын тартып алған. Жапон дипломаттары журналистің тұрған жерін әлі анықтай алмады.
Китазуми бұған дейін Жапонияның жетекші Nikkei газеттерінің бірінде жұмыс істеген. Қазір ол фрилансер және бірнеше жапондық БАҚ-қа материалдар жазып тұрады. Ақпанда тілшіні Мьянма полициясы ұстап, кейіннен босатқан.
Ресми Токио осыған байланысты шара қолданатынын хабарлады. Ед премьер-министрі Есихидэ Суга: «Мьянмадағы елшілік арқылы оқиғаның мән-жайын анықтаймыз. Отандасымызды қорғауға және босатуға бар күшімізді саламыз», – деді.
1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аун Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды.
Төңкерістен бері елдің түкпір-түкпірінде әскери үкіметке қарсы наразылық болып жатыр. Көтерілісті басып-жаныштау кезінде кемінде 700 адам қаза тауып, 2600-ге тарта адам тұтқындалды.