Дүйсенбіден сейсенбіге, 2 наурызға қараған түні Шымкентте оқиға орнына барған журналисті полицияның соққыға жыққаны туралы хабарланды. Полиция қаладағы күре жолдардың бірі Темірлан тас жолының бойында орналасқан автокөлік бөлшектері сатылатын базардан шыққан өрттен хабар таратуға барған «Астана» телеарнасының тілшісі Бахромбек Талибжановқа күш қолданды.
Олар тілшіге оқиға орнында репортаж түсіруге тыйым салған. Үш полицей Бахрамбек Талибжановты «байлаған және беті мен сол жақ бүйрегінен ұрып, сүйреген». Сол сәтте Бахрамбектің әріптесі – 31 арнаның тілшісі Бахром Абдуллаев жағдайды телефонына таспалап алған.
Осыдан кейін тәртіп сақшылары екі тілшіні Абай аудандық полиция басқармасына апарған. «Астана» телеарнасының тілшісі күш қолданған полицейлердің үстінен арыз жазған. Полиция хабарына қарағанда, қызметтік тексеріс басталған. Дегенмен әзірге қылмыстық іс қозғалмаған.
«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының заңгері Ғалия Әженованың айтуынша, тілші Қылмыстық кодекстің 158-бабы («Журналистің кәсіби қызетіне кедергі жасау») және Әкімшілік кодекстің 73-1-бабы («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша арыздана алады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» айналуды мақсат тұтқан Қазақстанда ақпарат құралдарының қызметіне жиі кедергі келтіріліп, ауық-ауық қысым көрсетіледі. Пандемия кезінде дәрігерлермен тілдеспек болған, бейбіт жиындардан ақпарат таратып жүрген немесе сайлау науқанында, тіпті тікелей эфирде өтетін ОКҚ, ОСК баспасөз брифингтерде тілшілерге түрлі кедергі жасалады. Қазақстан дүниежүзіндегі сөз бостандығы рейтингінде 180 елдің ішінде 157-орында тұрады.
Редакция Үкімет пен оның құрамындағы құзырлы органдардан аталған жағдайды жіті қарауды және әділ де шынайы шешім шығаруын сұрайды. «Төртінші билік» өкілдеріне ғана қатысты емес, кез келген «адам баласының» хақы аяқасты етілуіне қарсылығымызды, Конституцияның алғашқы бабында көрсетілгендей, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенін еске саламыз.