Арменстан жұрты Таулы Қарабақ мәселесі бойынша келісімге келгеніне қарамастан елде болжаулы-болжаусыз саяси дағдарыс тереңдей түсті. Ел үкіметін жетектеуші Никол Пашинян Армения Қарулы күштері Бас штаф жетекшісін орнынан алып тастау туралы шешім шығарды. Тараптастарын митингке шақырған Пашинян елде әскери төңкеріс болғалы жатқанын ескертті. Дегенмен, Бас штаф жетекшісі тек президент бұйрығынан кейін ғана орнынан кетуі тиіс.

Армения үкіметінің оппозициясы да бұл күнде ереуілде. Олар премьер-министрлің өз тараптарын таратып, мәселелерді кеңесу арқылы шешу туралы ұсыныстарын құлақтарына ілмей отыр. Оппозия бұл күнде қарулы күштерге жақтас болып тұрғаны кім-кімге болсын белгілі болып қалды. Олар үкімет сарайы мен парламент сарайын қоршап алып, Никол Пашинян орнынан кетпейінше тарамайтынын айтуда.

Үкіметке қарсы көзқарастағы армяндар премьер-министрдің қызметін тоқтату бойынша Палменттің шұғыл жиналуын талап еткені де бар. Дегенмен, Парламенттегі басым көп саяси топтар қазіргі премьер-министрді қолдайтыны да анық. Ал, ел президенті Саркисян мәлімдеме жасап барлық тарапты сабырға шақырды. Ол екі күн ішінде бас штаф жетекшісі Гаспарянды қызметінен алу немесе алмау туралы шешімін білдіруі тиіс.

Никол Пашинянның Гаспарянды қызметінен алу туралы шешім шығаруы елде саяси дағдарыс өршіп тұрған кезде жасалды деп санайтын сарапшылар бар. Алайда, Никол Пашинян үшін елдегі саяси жағдайды ретке салу үшін бұдан басқа жол да көрініп тұрған жоқ.

Өңір державаларының сыңайы

Ресей мен Түркия сынды өңірде ықпалын асыруға тырысатын ірі елдердің арасындағы шағын елдерде қандай да бір елеулі оқиға бола қалса, Анкара мен Мәскеудің қабақ қағысы, сөз алысы маңызды бола қалатыны сөзсіз. «Мұның артында қайсысы тұр?» деген одағай сұрақ та жаттанды бола түскендей.

Бұл жолы Ресей мәселені Арменияның ішкі ісі десе, Түркия әскери төңкерісті айыптады. Бұған қарағанда Мәскеу мәселеге бас қатырмайтын, ал Түркия сәл қарай алмайтын болып көрінеді. Шын мәнісінде мұның керісінше секілді. Тәуелсіз сарапшылар әскери төңкеріс бола қалса оның артында Ресейдің тұратынын айтады. Себебі, бұл елдегі әскери шенділер Ресеймен тығыз байланыста дегенді алға тартады.

Еуроодақ болса тараптарды сабырға шақырды. Елдегі билік алмасуға армияның араласпауын үміт етті. Әрине, Оңтүстік Кавказ үшін ЕО-ның өзіндік мүддесі бар. Ол да өңірге ықпал етуші үшінші тарап ретінде саналады. Бұндай да ол да өзінің мүддесіне лайық сөз сөйлеп, қадам жасайтыны сөзсіз.

Анкара өз пікірін ашық қана айта салды: «Үкіметті сындау, оның биліктен кетуін талап ету орынды іс. Бірақ, оған армияның аралсуын қаламаймыз», – деді түрік СІМ тарабы.

Өзіндік болжам:

Бұдан бірер күн бұрын Никол Пашинян АмерияРесейден алған қару-жарақтарының сапасы туралы сыни пікірде мәлімдеме жасады. Ол ресейлік «Ескендір» зымырандары Таулы Қарабақ соғысында көп пайдаға аспағанын, тіпті басым көп зымырандардың жарылмай қалғаны туралы да айтқан. Ал, Ресей тарабы кеше ғана бұған қарсы мәлімдеме жасап, Таулы Қарабақ соғысында «Ескендір» зымырандары қолданылған жоқ деген уәж келтірді.

Осы мәселелерден қарағанда әскери төңкеріске мүдделі тарап ретінде Мәскеудің төбесін көрер едік. Армениядағы әскерилер ресейлік әскери техника мен іс-қимыл тәжірибелеріне көбірек сүйенеді. Бас штафтың жоғары жетекшілерінің көбі Ресейдің әскери оқу орындарында білім алғаны туралы Қараба соғысы кезінде талай информациялар тарап еді.

«Мәскеу оған неге мүдделі болды?» деген сұраққа жауап берудің көп нұсқасы болса керек. Ең әуелі, уысынан сусып шығып бара жатқан затты ұстап қалу үшін әдеттегіден қарқынды және күштірек әрекет ететін адамды еске түсіруге болады. Қалай деген күнде де Пашинян Армения азаматтық билігіне ереуіл жолымен келді. Ол Мәскеумен белгілі деңгейдегі жақындықты сақтаған болып, ішкі жақта Батысқа бейімділікке, ЕО-мен ынтымақтасуға ұмтылды. Бұл әрине Грузияны жоғалту секілді Мәскеу үшін үлкен шығынның бірі болар еді.

“The Qazaq Times”