Украина ТМД аясында қол қойылған Азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану туралы келісімнен шықты.
Ресми құжатта: «Президент Владимир Зеленский Украинаның Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде жасалған халықаралық шарттардан шығу туралы № 70/2021 Жарлыққа қол қойды», – делінген. Яғни Украина 1991 жылы 25 желтоқсанда қол қойылған Азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану туралы келісімнен және 1992 жылы 15 мамырдан күшіне енген әуе кеңістігін пайдалану туралы келісімнен шыққан.
2014 жылы ақпандағы Украинадағы төңкерістен кейін елдің жаңа басшылығы ТМД-дағы келісімшарттарды бұзу процесі басталды деді.
2018 жылы тамызда Украинаның сол кездегі президенті Петр Порошенко үкіметке ТМД-ның барлық құрылтай органдарынан ресми түрде шығу рәсімін бастауды тапсырған. Ол сондай-ақ «Украинаның ұлттық мүддесіне титтей болса да қайшы келетін ұйым аясындағы кез келген халықаралық шарттан шығатынын» мәлімдеген.
2019 жылы Украина Совет кезінде жасалған құпия өнертабыстар туралы ақпаратты жария етпеу туралы құжат пен Экономикалық одақтың ортақ статистикалық базасын құру келісімінен шыққан.
Алғашқы құжатқа 1999 жылы 4 маусымда Ресей, Украина, Беларусь, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан мен Өзбекстан қол қойған. Елдер «СССР кезінде жасалған құпия өнертабыстар жайлы өздерінде бар деректерді жария етпеуге» келіскен.
Келісімнен шығу идеясын көтерген Украина экономикалық даму министрлігі құжаттың ескіргенін айтып, «келісімдер ТМД-ға кіретін елдердің қазіргі қарым-қатынасына сай келмейді» деп мәлімдеген.
Екінші келісім 1995 жылдың 10 ақпанынан бері қолданыста болған. Құжатта ТМД статистикалық комитетін құру және мемлекеттер арасында деректер алмасу үшін экономикалық одақтың жалпы статистикалық базасын жүргізу қарастырылған.