Жоғарғы рададағы «Оппозициялық платформа – өмір үшін» фракциясы Украина президенті Владимир Зеленскийге импичмент жарияламақ. Осы аптада партия төтенше съез өткізіп, импичмент процесін бастайды. Бұл туралы аталған партияның төрағасы Вадим Рабинович мәлімдеді. Елдің оппозициялық партиясы президент «демократияға қарсы үкім шығарды» деп санайды.
Депутат Рабинович: «Украинаның тәуелсіздік тарихында билік алғаш рет үш жетекші ақпараттық арнаның қызметін тоқатты. Зеленскийдің тобы шындық ақпаратты ашық жеткізетін журналистердің аузын жапқысы келеді. Зеленский халыққа және еуропалық еркіндік ұстанымына қарсы шықты. Президент мырза, сіз оппозицияға тосқауыл бола алмайсыз!», – деді.
Бір күн бұрын Зеленский үш телеарнаға – «112 Украина», ZIK және NewsOne-ға санкция енгізу туралы шешім шығарған. Яғни президент 3 бірдей телеарна басшысы әрі оппозициялық партия өкіліне қарсы 5 жылға санкциялар салды. Бұл шешімді Жоғарғы Рада депутаттарының көбі қолдаған. Салдарынан 3 телеарна қызметін тоқтатты.
Шектеулерден кейін лицензиялардың күші жойылуы мүмкін және телебағдарламаларды ретрансляциялауды уақытша тоқтайды. Телеарналардың активтерін бұғаттау, капиталды елден шығаруға тыйым салу, экономикалық және қаржылық міндеттемелерді тоқтату, бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға толық немесе ішінара тыйым салу, Украина Ұлттық Банкінің шетелдік инвестицияларды жүзеге асыруға және шетелде қаражат орналастыруға рұқсаттары мен лицензияларын қайтарып алу қарастырылған. Зеленскиядің санкцияларынан кейін телеарналардың эфирлік хабар таратуы тоқтатылды.
Санкцияға ілінген телеарнаның бірі Украинадағы «Оппозициялық платформа – өмір үшін» партиясының өкілі, Жоғарғы рада депутаты Тарас Козакқа тиесілі. Депутат мүлік пайдалану және билік ету, сауда операцияларын жүргізу, Украина аумағында ресурстарды тасымалдау, транзиттеу құқығынан бес жылға шеттетіледі. Сондай-ақ капиталды Украинадан тыс жерлерге шығаруға тыйым салынады.