Мьянмада наразылық шерулерінің жалғасуына байланысты әскерилер елдің ірі қалаларына танктер кіргізді. The Guardian мәліметінше, ел аумағында ғаламтор өшірілген.
Қазір Мьянмада әскерилердің билікті басып алуына қарсы бейбіт акциялар өткізіліп жатыр. Янгон қаласындағы орталық банк қызметкерлері әскерилерге қарсы азаматтық бағынбау қозғалысына қосылған.
1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аунг Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды. Төңкеріс жасағандар елде бір жыл төтенше жағдай жариялап, билік әскер басшысы Мин Аунг Хлайнның қолына өтті. Әскери төңкеріске қарсы шыққандардың арасында мұғалімдер, заңгерлер, банк қызметкерлері және мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер бар.
2017 жылға дейін Мьянманың Ракхайн штатында бір миллион рохинджа мұсылмандары өмір сүрген. Бірақ халқының басым бөлігі будда дінін ұстанатын Мьянма оларды заңсыз иммигранттар деп, азаматтық беруден бас тартқан. Рохинджалар ұзақ жылдар бойы қысым көріп келе жатқандарына бірнеше рет шағымданған.
2017 жылы рохинджа әскерилері Ракхайн штатында бірнеше шабуыл ұйымдастырған. Сол жылы Мьянманың Ракхайн штатында әскерилер ислам дінін ұстанатын мыңдаған рохинджаны өлтірген. Аймақтан 700 мыңнан астам рохинджа Мьянмамен көршілес жатқан Бангладешке қашқан. Ел билігі Ракхайндағы әскерилердің әрекетін «ел тәуелсіздігіне қауіп төндіретін экстремистермен күрес» деп атады. Мьянманың бұл әрекеті бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Аун Сан Су Чжидің де беделіне нұқсан келтірді.