Түркия соты 2016 жылғы іске аспай қалған әскери төңкеріске қатысы бар деп айыпталған бірқатар бұрынғы әскери қызметкерді өмір бойы қамау жазасына кескен. Бұған дейін Президент Ердоғанды сынағаны үшін 10 адмирал қамауға алынған еді. Бұл туралы түріктің Анадолы ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.
Осымен бір уақытта «Франс Пресс» агенттігі өзінің ақпарат көздеріне сүйене отырып түрік сотының 22 адамды өмір бойы бас бостандығынан айырғанын хабарлады. Сондай-ақ, бас бостандығы шектелген 22 адамның дерліктей бұрынғы әскери қызметкерлер екенін, олардың қатаң режимдегі абақтыларда ұсталатыны туралы жазған.
Бұл әрекеттер Режеп Тайып Ердоғанды биліктен тайдыру үшін жасалған әскери төңкеріске 5 жыл өткеніне қарамастан оған қатысты қудалау мен тергеу әлі де белсенді күйде екенін көрсетеді.
Анадолы агенттігі таратқан мәліметтерде аталған бұрынғы әскери қызметкерлерге телеканалды басып алып, төңкерісшілер туралы ақпарат таратуға мәжбүрлеген және Бас штабты басып алған деген айыптар тағылғаны айтылады.
Шын мәнісінде сәрсенбіде өткен сот 2016 жылдан бергі ғана емес, Түркия тарихындағы ең ауқымды сот процесінің бірі болды. Онда ұзын саны 497 адамға қатысты айыптар қаралды.
Түркия билігінде Ердоғанның «Әділет және даму» партиясы мен әскерилер арасындағы теке-тірес сот процесінің сыртында да жүріп жатыр. Президент Ердоғанның Босфордты айналып өту үшін Қара теңіз бен Мармар теңізін тұтастыратын канал қазу жоспарына қарсы әскерилер ашық хат жариялаған. Оған бұрынғы теңіз күштері офицерлерінен 104 адамның қолы қойылған болатын. Алайда, дүйсенбіде президенттің жоспарын сынағаны үшін солардың арасынан 10 адмирал қамауға алынды.