Аустралия Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне қауіпті қылмыстарға қарсы күресуге көмек бермек. Бұл туралы алғаш ағылшынның Guardian басылымы Аустралияның Сыртқы істер және сауда департаментіне сілтеме жасай отырып хабарлаған еді. Сарапшылардың пікірінше, Аустралияның бұл қадамы Қытай үстемдігі басым аймаққа өз ықпалын күшейтуге жасаған ұмтылысы деп санайды.
Трансұлттық жоба
Хабарда айтылуынша, Аустралияның Сыртқы істер және сауда департаменті «Меконг-Аустралия трансұлттық қылмысқа қарсы күрес жобасына» (MAP-TNC) қатысуға дайын. Аталған жоба наурыз айында басталады деп күтілуде. Бастапқыда трансұлттық бағдарлама 2020 жылдың соңында басталады деп жоспарланған. Алайда, жаһандық індет жағдайында кейінге шегерілген еді.
Жалпылама «Меконг» жеп аталатын Камбоджа, Лаос, Мьянма, Таиланд, Вьетнамды және өңірдегі өзге де шағын елдерді қамтыған бұл аймақ Оңтүстік Қытай теңізін қоршай орналасқан. Аустралия MAP-TNC жобасына 30 миллион аустралия долларын (шамамен 23 миллион АҚШ доллары) бөліп, оны аймақтағы елдердің заңсыз есірткі айналымына, адам саудасы мен қаржылық қылмыстарға қарсы күресуіне жұмсамақ.
Канберраның ресми мәліметіне қарағанда, өңірдегі ұйымдасқан және трансұлттық қылмыстар аймақ елдерінен алқып шығып, Аустралияның да экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіреді. Сондықтан да Менонг елдерімен қауіпті қылмыстарға қарсы ортақ жобамен ынтымақтастық орнату тараптарға тиімді. Әрине, Шығыс Оңтүстік Азия есірткі аткезшілігі мен адам саудасы, өзгеде ауыр қылмыстардың шекара аттап, ұлғайған аймағы. Ондағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың кейбір іздерін Аустралиядан табылып жатады. Бұл жөнінен келгенде Канберра өңірдегі трансұлттық қылмыстарды жоюға мүдделі. Дегенмен, бұл мәселенің бір ғана қыры деуге болады.
Аустралияның көздегені
Канберраның негізгі мақсаты барған сайын геосаяси маңызы артып келе жатқан аймақта өзінің ықпалын кеңейту. Аустралияның Лоу институты (Lowy Institute) Оңтүстік-Шығыс Азия жобасының директоры Бен Бланд жоғарыда аталған ағылшын басылымына бөліскен пікірінде: «Бұл жоба аймақтағы үкіметтермен, құқық қорғау органдарымен байланысты тереңдетуге бағытталған кең ауқымды күш-жігердің бір бөлігі ғана. Себебі, Меконг аймағында Қытай үстемдігі барған сайын күшеюде. Ал, Аустралия, АҚШ, Жапония және басқа серіктестер бұл аймақта Бейжіңмен бәсекелескісі келсе, ең алдымен аймақтың күнделікті проблемаларын, мысалы, трансұлттық қылмыстарды шешуге көмектесетін өнімді әдістер іздеуі керек», – деген екен.
Аймақ үшін күрес
Бұдан бірер жыл бұрын ғана әлемнің өндіріс базасы Қытайдан Оңтүстік немесе Шығыс Оңтүстік Азияға қарай жылыстау процесі басталды. Қытайдан шегініп шыққан ірі компаниялар осы аймақтарда өзінің зауыт-фабрикаларын құра бастады. Бұған өңірдің өзіндік экономикалық, әлеуметтік, ресурстық шарт-жағдайы да болды. Бұл үрдіс аймақтың геосаяси ықпалын арттырды. Алайда, Қытайдың күн сайын артқан әскери, саяси, экономикалық ықпалы бұл аймақты өз шеңгеліне ұстап тұруы мүмкін еді. Қазіргі таңда АҚШ бастаған оның Үнді-Тынық мұхит аймағындағы одақтастары мен Қытай арасында аймақ үшін күрес жүріп жатыр.