Ұлыбританияда карантин мерзімі 8 наурызға дейін ұзартылды. Премьер-министр Борис Джонсон вирустың жаңа штаммы тіркелген 22 мемлекет азаматтарына Британияға кіруге тыйым салды.

Енді Ұлыбританияға «қызыл тізімдегі» елдерден келушілер қонақ үйлерде оқшауланады. Тізімге мутацияға ұшыраған вирустың жаңа түрлері анықталған 30 мемлекет енген. Жолаушылар ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсеткеннің өзінде үкімет ұсынған қонақ үйде 10 күн бойы сыртқа шықпай оқшаулануы міндетті. Олар азық-түлік және басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі. Бірақ барлығының ақысын өз қалталарынан төлеуі керек. Мұндай қатаң шектеулер пандемия басталғалы болған емес.

Сонымен қатар, дәлелді себебі болмаған адамдарға өзге елдерге саяхаттауға тыйым салынады. Әр адам декларация толтырып, шетелге бару себебі жіті тексеріледі. Еңбек демалысы дәлелді себеп болып есептелмейді. Шектеу талаптары бойынша Ұлыбританияға өз азаматтары мен заңды резиденттер ғана кіре алады.

Пандемия басталғалы мұнда 3,72 миллион кейс тіркеліп, 100 мыңнан астам адам көз жұмған. Бұл статистика бойынша Еуропада антирекорд орнады. Қазір коронавирустың мутацияға ұшыраған түрін яғни «британдық вирус» жұқтырғандар саны күрт асқан.

"The Qazaq Times"