Екі жылдан бері Үндістан мен Қытай арасындағы шекара дауы Жаңа-Дели мен Бейжіңнің қарым-қатынасын үлкен қайшылыққа соқтырды. Жақында екі елдің шекара қарауылдары тағы қақтығысып қалған. Associated Press агенттігі бұл туралы Үндістанның Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлады. Қақтығыс Гималай шекарасындағы Наку-Лаға жақын маңда болған.
Хабарға қарағанда, 20 қаңтарда Қытайдың шекара қарауылдарынан 18 адам Үндістанның Сикким штатынағы Наку-Лаға қарай өтуге әрекеттенген. Үндістан шекарашылары олардың жолын тосқан. Нәтижесінде екі елдің шекарашылары тас атысып, сойыл сілтескен. Екі жақтан да жараланғандардың бар екені айтылады. Дегенмен, кезекті қақтығысты жергілікті командирлер келісімге сай оқ атыспай тоқтатқан.
Екі елдің әскери қолбасшылары бұған дейін 8 рет келіссөз өткізіп, шекара даулары бойынша келісімге келуге тырысқан. Алайда, келіссөзер еш нәтиже бермеді. Hindustan Times басылымы болса, Үндістан әскери шенділерінің сөзіне сілтеме жасай отырып, Қытай шекарашыларының шекара бұзу әрекеті тараптардың талай реткі келіссөзінде қол жеткізген болмашы келісімдерді де жоққа шығарғанын жазды.
Сарапшылардың пікірінше, Қытай шекарашыларының Наку-Лаға жақын шекара сызығын кесіп өтуі алда жоспарланған үлкен әрекеттердің бір бөлігі болуы мүмкін. Мақсаты – Үндістан қорғаныс күштерінің күш-жігерін сынап көру және Ладах аймағында тығырыққа тірелген Халық-азаттық армиясы енді Үндістанмен әскери арбасуға жаңа майдан ашуы деуге болады. Себебі, Наку-Ла Үндістанның Сикким штаты мен Қытайдың Тибет автономиялы аймағын тұтастырады. Былтыр мамырда Сикким шекарасында қытайлық екі ел сарбаздары арасында қарусыз төбелес болды. Маусым айында Ладахтың Галван алқабында екі тарап қақтығысқа шықты. Онда да тас лақтырып, сойыл сілтесті, үйткені Дели мен Бейжің бұған дейін шекара маңында оқ атыспау келісіміне қол қойысқан болатын.
Мәселенің тағы бір қыры
Hindustan Times басылымы өз сараптамасында Қытайдың соңғы кездегі агрессивті әрекеттері бір-бірімен тығыз байланысты екенін айтады. Бұндай жорамалдың негізі де жоқ емес. 20 қаңтарда ант беріп билікке келген Ақ үйдің жаңа қожасы әлі де болса Қытайға қаратқан ашық позициясын байқатқан жоқ. Соған қоса, Тайуан қауіпсіздігі Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия елдерін алаңдатып, бұған дейін Жапония, АҚШ, Аустралия қатарлы елдер Тайуан қауіпсіздігі туралы талқылаулар өткізді. Соған сай Тайуан және Үндістан басылымдарында үнді-қытай қайшылығы және Қытайдың Тайуанға әскери, саяси, экономикалық қысымдарын күшейтуі біртіндеп Үндістан мен Тайуанның ынтымақтастығын тереңдетеді деген бірқатар дабыралы сараптамалар, болжам сипатты мақалалар жариялап жатты. Осы уақытта Қытай Тайуан кеңістігіне бомбалаушы және жойғыш ұшақтарын жіберіп қысым көрсетті, оған қоса Сикким штатында Үндістан шекарашыларының қарсылық ерік-жігерін сынау үшін шекара бұзды. Осының жиындығында Бейжің АҚШ-тың жаңа үкіметінің де Қытайдың агрессивті әрекеттеріне төзімділігін тексеріп көргісі келгенін көрсетіп отыр.
Ең қызығы Үндістан мен Қытай арасындағы соңғы қақтығыс туралы жаңалықтардан бір күн бұрын, екі ел жексенбіде шекаралас аймақта әскери қолбасшылар деңгейіндегі тоғызыншы раунд келіссөздерін өткізді. Келіссөздің қандай нәтижеге жеткені беймәлім.