Сенбі күні, 23 қаңтар АҚШ Әскери-теңіз күштеріне қарасты «USS Теодор Рузвельт» авиатасымалдаушысы бастаған әскери кемелердің қосыны Оңтүстік Қытай теңізіне кірді. Бұл туралы Пентагон ресми мәлімдеме таратты. АҚШ Әскери-теңіз күштері бұл әрекетін «ашық теңіз еркіндігін қорғау мен теңіздегі ашықтықты насихаттау үшін» деп түсіндірген.
АҚШ-тың қуатты әскери кемелер тобының Оңтүстік Қытай теңізіне кіруі Қытайдың Тайуанға 12 соғыс ұшағын жіберіп, әскери қысым көрсету әрекетімен тұспа-тұс келді. Бұл Тайуан бұғазы қайшылығының асқына түскенін көрсетті.
Оңтүстік Қытай теңізіне өңірдегі Қытай, Тайуан, Филиппин, Малайзия, Индонезия, Тайланд, Вьетнам қатарлы көптеген елдер шекараседі. Қытай бұл халықаралық маңызды су жолының көп бөлігі өзіне тиесілі деп санайды. Осы бір халықаралық маңызды су жолында әлем саудасының үштен екі бөлігі өтіп жатады. Ал, аталған АҚШ авиатасымалдаушы кемесінің флоты мәлімдемесінде өз әрекеттері «теңіз бостандығын және теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы серіктестік орнату үшін» жасалған күнделікті операциялардың бірі деп көрсеткен.
Қытайға жақын және территориялық дау-шарлы теңізге кірген қуатты кемелер қосынына АҚШ-тың тәжірибелі контр-адмиралы Даг Вериссимо қолбасшылық етеді. Сапарының алдында ол: «Мен Оңтүстік Қытай теңізіндегі ашық теңіз еркіндігі мен қауіпсіздігін нығайтып, ондағы серіктеріміздің уайымын жою үшін бара жатқаныма қуаныштымын», – деген екен. Ол маңызды халықаралық су жолындағы халықаралық тәртіп пен еркіндікті қорғау үшін әрекет етітінін айтқан.
Даг Вериссимоның мәлімдемесі Жо Байден президент ретінде ант беріп қызметке кіріскеннен кейін бірнеше күннен соң жасалды. Осыған қарап бұл әрекет Байден билігінің Қытайға қаратқан ұстамы деп атап жатқан сарапшылар да бар. Айталық, VOA агенттігіне берген жауабында АҚШ Стратегиялық зеррттеу орталығы Тайуан бұғазы мәселесі жөніндегі зерттеушісі Уан Шили: «Байденнің бас дипломаты болуға үміткер Энтони Бринкен де Қытайыдың Құрама Штаттар үшін ең үлкен қиындық тудырып жатқанын мойындады, соған қоса АҚШ әскери-теңіз күштерінің Оңтүстік Қытайға қуатты ұшақ тасымалдаушы кемелер тобын жіберуі АҚШ жаңа билігінің Бейжіңмен кейбір мәселелерде қатаң мәмілені сақтап тұратынын көрсетеді», – деген.
Ресми Бейжің АҚШ әскери кемелерінің Оңтүстік Қытай теңізіне кіргеніне наразылығын білдірді. Бұл жағдайлар Тайуан бұғазы мен Оңтүстік Қытай теңізі қайшылықтарының барған сайын күшейе түскенін, өңірдегі қауіпсіздік мәселесінің басты күн тәртіпке шыққанын аңғартады.