Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен тәулікте Қазақстанда ПТР тесті оң шыққан 1 430 адам тіркелген. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 173 842-ге жетті.

Павлодар облысында 235 жаңа жағдай, Астана – 231, Ақмола облысы – 163, Алматы – 130, Қостанай облысы – 125, Атырау облысы – 111 болды. Солтүстік Қазақстан облысында – 91, Алматы облысында – 78, Қарағанды облысында – 75, Батыс Қазақстан облысында-61, Шығыс Қазақстан облысында – 41, Жамбыл облысында – 19, Ақтөбе облысында – 17, Маңғыстау облысында – 16, Шымкентте – 14, Түркістан облысында – 13, Қызылорда облысында – 10 дерек тіркелді.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 169 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 46,5 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 213 мыңға жетсе, ал Ұлттық статистикада 216 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Халықаралық ұйым туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар мен қайтқандар, айығып шыққандардың аймақтардағы көрсеткіші күнделікті жарияланады, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріледі.

Коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі есеп министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, он күнде бір рет, оның өзінде ведомство сайтына файл форматында жүктеліп келеді.

Сонымен қатар, Қазақстан билігі 1 тамыздан бері пневмонияның Covid-ке ұқсас түріне жеке код беріп, бөлек тіркеп келеді. Содан бері 47 211 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 549 адам қайтыс болған. 35 мыңға жуығы жазылған.

"The Qazaq Times"