Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі редакция сұрауы бойынша 1 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында коронавирустың жанама әсерінен 938 адам қайтыс болғанын хабарлады.

Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тарта отырып ортақ есепке қоспайды. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.

(!) Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 11 қыркүйек 576,15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816 жағдай, 20 қаңтар 938-ге артқаны айтылды.

«Денсаулық сақтау министрлігінің Ақпарат жүйесі бойынша, коронавирус инфекциясының жанама әсерінен  республикада 1 наурыздан 31 желтоқсан аралығында 938 адам қайтыс болған», – делінген ресми жауап хатта.

Оның 677-сі (ерлер – 337, әйелдер – 340) қарттар, 11-і бала және біреуі жаңа босанған әйел.

Былтырғы қараша айында 107 және желтоқсан айында 122 өлім тіркелген.

Осы санатта өмірден өткендердің дерегі жалпы есепке енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. Соңғы дерек бойынша,  аурулар тобы жіктелімін ведомство былай таратады:

  • Тыныс алу жүйесінің аурулары – 47%
  • Қанайналым жүйесінің аурулары –32,8%
  • Эндокриндік жүйенің аурулары және метаболизмнің – 4,9%
  • Жаңа өскіндер – 4,5%
  • Несеп-жыныс жүйеснің аурулары – 3,2%
  • Ас қорыту ағзасы аурулары – 2,5%
  • Жүйке жүйесінің аурулары – 1,6%
  • Жұқпалы және паразиттік аурулар – 1,3%
  • Басқа жағдайлар – 2,3%

Былтыр коронавирустың жанама әсерінен қайтыс боғландардың ең көбі СҚО, ШҚО және Қостанай облыстарына, ең кемі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе өңірлеріне тиесілі.

Қазақстанда 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 171 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 47 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, ауырғандардың саны 216 мыңға, ал Ұлттық статистикада 218 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3914-і (КВИ+ / U07.1 – 2431, КВИ- / U07.2 – 545, ілеспе аурулардан – 938) қайтыс болған. Алайда билік  науқастың бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 938  адамды жалпы статистикаға енгізбейді.

"The Qazaq Times"