НАТО құрамындағы бірқатар Еуропа елдерінің 2021 жылы Үнді-Тынық мұхитына әскери күштерін орналастыруды жоспарлап жатқанын бұған дейін де сайтымызда бірнеше мәрте жазып едік. Бұл әрекеттердің себебі мен салдары туралы сарапшылар пікірлерінде ұсынған едік. Жинақтай айтқанда, бұл Қытайдың аталған екі мұхиттағы әскери кеңеюін тоқтатып, өңірдегі ықпалына, әрекеттеріне шектеу қояды.

Бұдан біраз уақыт бұрын Sydney Morning Herald басылымына берген сұхбатында Германияның қорғаныс министрі Аннегрет Крамп-Карренбауэр: «Германия 2021 жылдан бастап Үнді-Тынық мұхитын барлауға әскери кемелерін аттандырады», – деген болатын. Ол бұған қоса осы аталған мұхиттардағы территориялық даулар мен Қытайдың қауіпті амбициялары тек көпжақты қатысулар арқылы шешім табатынына сенім білдірген еді.

Жапонның «Киодо» ақпарат агенттігі де Жапония Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеге сілтеме жасай отырып, елдің өзін қорғау күштері Германия теңіз күштерімен Оңтүстік Қытай теңізінде біріккен әскери оқу-жаттығуын өткізуі мүмкін екенін хабарлаған. Жапон қорғаныс уәзірі (министрі) Нобуо Киши: «Үнді-Тынық мұхитында болған оқиғалар Германия мен Еуропаға да әсер етеді. Сондықтан бір Үнді-Тынық мұхиты аймағында ережеге негізделген тәртіпті сақтау үшін ынтымақтастыққа дайынбыз», – деген.

Соңғы жылдары, әсіресе Қытай билігіне Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) келгелі бері, Қытай Халық-азаттық армиясына триллиондаған юань инвестиция салып, теңіз, әуе күштерінің қуатын еселеп арттырды. Әсіресе, Оңтүстік Қытай теңізі мен Үнді мұхитындағы кейбір өңірлерде әскери мүмкіндіктерін арттыратын қадамдарын жиілетті. Бұл Қытайдың теңізде Батыс державаларымен бәсекелесуге дайын, тіпті кейбір өңірлерде соғыс қуаты жағынан олардан асып түсуге тырысып жатқанын көрсетті.

Батыс елдері әрине бұны көрмей қалған жоқ. НАТО мүшелері былтыр қарашадағы саммиттте Қытайдың басты стратегиялық қарсылас қатарында таныды. Осыдан кейін НАТО-ға мүше Еуропа елдері Қытайдың әскери қимылдары мен мүмкіндіктері арта түскен Үнді-Тынық мұхиты аймағына әскери күштерін жөнелтуге кірісті. Бұған дейін Британия өзінің қуатты теңіз қосындарының бірін жіберіп, Жапония, Аустралия және АҚШ-пен Тынық мұхитының батыс жағалауында әскери жаттығу өткізетінін білдірген. Демек, бұл Қытайдың шығысы мен оңтүстігіндегі теңіздегі қадамдарын тежеп, ыпқпалын әлсірете түспек. Алайда, оның әсері оның құрлықтағы шекарасына өз әсерін тингізбей қалмайды.

“The Qazaq Times”