Қазақстанда 7 қаңтарда коронавирус жұққан 831 адам, 6 қаңтарда коронавирус пневмониясына шалдыққан 76 адам анықталған.  Қазір елде 23 мыңға жуық адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 10 786, U07.2 немесе КВИ- бойынша 11 990) ауырып жатыр.

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Алматы қаласы (128), Атырау (107), Палодар (87), астана (76), Қостанай (65) облысында. Өткен тәулікте 723 адам ауруынан айғып шығып үйіне жіберілген, сондай-ақ 3 адам өмірден өткен.

#U07.2  Алдыңғы күні, яғни қаңтардың 6-сы коронавирус пневмониясына жататын 76 науқас тіркелген. Оған қоса, 106 адам емделіп шыққан.

#Жалпы  ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 22 776 науқастың 5367-сі ауруханада, 17 409-ы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 291 науқастың арасында 49 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 50 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Министрлік өткен айда ресми хабарламаның формасын жаңартты. Онда ауырып жатқан балалар туралы ақпарат алынып тасталған.

Ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. 26 желтоқсаннан бастап министрлік мойындап, статистиканың мерзімін көрсетіп жариялауға көшті.

Пандемия модераторы министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і жән 19-ына, 1-4 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. 

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ең шынайы нұсқа деп санайды.

9 желтоқсан денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар-дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау кезеңі туралы жаңа болжамын бөліскен. Оның айтуынша, екінші толқынның шарықтау кезеңі 2021 жылдың қаңтар және ақпан айларына сәйкес келеді.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 159 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 46 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 205 мыңнан асса, ал Ұлттық статистикада 207 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Халықаралық ұйым туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар мен қайтқандар, айығып шыққандардың аймақтардағы көрсеткіші күнделікті жарияланады, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріледі. Коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі есеп министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, он күнде бір рет, оның өзінде ведомство сайтына файл форматында жүктеліп келеді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3687-і (КВИ+ / U07.1 – 2352, КВИ- / U07.2 – 519, ілеспе аурулардан – 816) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 816 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Бұған қарсы кейбір сарапшылардың пікіріне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Әзірге вирус таралу қатері жағынан астана мен Алматы қаласы, СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау өңірлері – сары аймақта тұр.

Қоғамда былтырғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізімінде 49-шы орында тұр.

"The Qazaq Times"