Германиядағы локдаун қаңтардың соңына дейін ұзартылды. Бұл шешімді Ангела Меркельдің қатысуымен өткен отырыста елдің барлық аудан басшылары қолдаған.
Жиында мәлімдеме жасаған Ангела Меркель: «Науқастардың санын 100 мың адамға шаққанда 50-ге дейін азайтуды көздейміз. Бұл өте маңызды. Ұлыбританияда мутацияға ұшыраған вирустың жаңа штамы тез тарап жатыр. Сондықтан желтоқсан айында жарияланған карантин қаңтардың соңына дейін жалғасатын болады», – дейді.
Жаңа талаптарға сай егер бір аптаның ішінде 100 мың адамға шаққанда 200 жаңа науқас анықталатын болса, тұрғындар өз үйлерінен 15 шақырымнан алыс шыға алмайды. Ал қауіпті елдерден келген азаматтар 10 күн карантинде жатып, кейін вирусты анықтайтын тест тапсырулары керек.
Германиядағы бар, мейрамхана, мұражай мен бассейндер әзірге жабылады. Мектептер мен балалақшалар да әзірге ашылмайды. Тұрғындарға тек бір ғана адаммен кездесуге рұқсат берілді.
Күні кеше Ұлыбритания билігі де жаппай оқшаулау режиміне көшкен. Осыған байланысты мәлімдеме жасаған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон: «Бір анығы вакцина толық егілмейінше, біз біріге отырып, әрекет етуіміз керек. Сондықтан Англияда жалпыұлттық қатаң локдаун жариялауға мәжбүрміз. Сол кезде ғана вирустың жаңа түрін тоқтата аламыз», – дейді.
Премьер-министрдің пікірінше, коронавирустың мутацияға ұшыраған түрі өте жылдам тарап келеді. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі науқастарға ем-дом көрсетіп үлгермей жатыр. Алдағы 21 күн ішінде кейбір аймақтардағы ауруханаларда бос орындар болмауы мүмкін. Англияда соңғы аптаның өзінде емделіп жатқан науқастардың саны үш есеге артқан. Бұл сәуірде болған бірінші толқынмен салыстырғанда 40 %-ға көп. Қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын YouGov компаниясының мәліметінше, британиялықтардың 79 %-ы жаңа локдаунды қолдайды.
Қазір әлемде вирус жұқтырғандар саны 86,4 миллионға жетті. 2 миллионға жуық адам дерттен қайтыс болған.