Германияда бір күнде 1 миллион 350 мың адам вакцина қабылдады. Екпені мемлекет басшылары – канцлер Ангела Меркель мен Президент Штайнмайер де салдырды.
Handelsblatt басылымына сұхбат берген Германияның Денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан: «Германияда жаңа рекорд тіркелді. Елде вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Вирусты жұқтырушылар қарасы да азайып келе жатқаны қуантады. Енді осы жетістікті одан әрі жалғастыру керек», – дейді.
Қазір мұнда жасы 60-тан асқан қарттар мен құтқарушыларды, өрт сөндірушілерді және сатушыларды егу науқаны жүріп жатыр. Ал 17 мамырдан бастап егде жастағы өзге топтардың алуына рұқсат етілмек.
Кёльн қаласында мешіт, әуежай және сауда орталықтарының тұрақтарында да вакциналау жүріп жатыр. Ал Берлин әкімшілігі коронавирустың таралуын тоқтату үшін адамдар тығыз орналасқан аудандардың тұрғындарына егуге кірісіп кетті.
Жалпыұлттық сауалнама бойынша, тұрғындардың 67%-ы екпе салдырғысы келетінін айтқан. Бірақ ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін халықтың 80%--і егілуге тиіс. Билік екпе алғандарды шетелден оралғанда оқшауланудан босатады, сондай-ақ сұлулық салондары мен дүкендерге тестісіз баруға рұқсат беруді жоспарлап отыр.
ДДСҰ коронавирус індетіне қарсы пайдалану үшін америкалық Pfizer/BioNTech, Jannsen және Moderna екпелерін, британдық-швециялық AstraZeneca мен оның үндістандық нұсқасын мақұлдаған. Еуропа елдерінде Pfizer/BioNTech екпелері салынып жатыр.
Пандемия басталғалы Германияда 3 миллионнан астам кейс тіркеліп, 86 166 адам ажал құшқан. Ай сайын карантинді қатаңдатып, әлеуметтік дистанция қатаң сақталған Германия жақын арада қалыпты өмірге көшуге дайындалып жатыр.